Талқандалған резиденция: «Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ»
Оның айтуынша, Қарағанды көпбейінді қайта құру және даму институтының техникалық қорытындысына сәйкес, резиденцияның негізгі ғимаратының жай-күйі пайдалануға шектеулі жарамды ретінде үшінші санатқа жатқызылып отыр.
Резиденция бір қарағанда аса байқалмағанмен, әлдеқайда қирағаны көрініп тұр. Өрт ғимараттың барлық қабатына таралып, тірек конструкцияларына зор зақым келтірген. Түсінікті болуы үшін бір ғана мысал келтірейін: ғимараттың төбесінде мықты болат арқалықтар бар (орысша айтқанда балкалар). Жойқын өрттің салдарынан осы үлкен конструкциялардың пішіні өзгерген, майысып, қисайған.Қазақстан Республикасы президентінің іс басқарушысы Айбек Дәдебаев
Бұдан бөлек, өрт салдарынан барлық жиһаз, іс ұйымдастыру техникасы, инженерлік коммуникациялар мен жабдықтар жарамсыз күйге келген, орынжайларға ыстың иісі сіңіп қалған. Ғимарат адамдар үшін өте қауіпті болып саналады.
Алдын ала есептеу бойынша ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстарының (жобалау, интерьерлерді, инженерлік жүйелерді күрделі жөндеу, жиһаз-жабдықпен, іс ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз ету) құны 30 млрд теңгеден асады. Айбек Дәдебаев
Сарапшылардың пікірінше, ғимаратты қайта қалпына келтіргенмен, ол әрі кеткенде жиырма жылдан артық қызмет етпейді. Сондай-ақ жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен ол ғимаратты күтіп ұстау, қызмет көрсету және материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарын жүргізу қажет болады.
Сондай-ақ ҚР президентінің іс басқарушысы резиденцияның орнына адамдардың серуендеуіне ыңғайлы, ашық кеңістік секілді саябақ жасалатынын айтты.Осы жұмыстар аяқталысымен жер учаскесі Алматы қаласының әкімдігіне берілетін болады.
Әрине, мемлекет басшысына оны бұзу туралы шешім қабылдау оңай болған жоқ. Алматылық ретінде бұл тарихи ғимараттың жоғалып кететінін ұғыну маған да ауыр. Ғимарат туралы ойласам өмір жолымның әр кезеңін еске аламын. Бәрінен ауыры, қазір өзіндік тарихы бар ескерткішті бұзуға жауапты болуым. Алайда, әрқайсымыз үшін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бәрінен маңызды. Мемлекет басшысының бұл жер қала тұрғындарына ыңғайлы әрі қолжетімді болуы керек деген шешімін толықтай қолдаймын. Бұл – біздің тарихымыз бен жадымыз.Айбек Дәдебаев