Жаз келе жатыр: Алматыда субұрқақтар іске қосылады
Алматыда барлығы 128 фонтан бар. Оның 63-і қала меншігінде, ал 65-і жекенменшікте. Субұрқақтар сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.
Кейінгі бес жылда 13 жаңа фонтан салынды. Алайда қаладағы фонтандардың басым бөлігі – 60-80-жылдары салынғандар. Оларды жөндеу, қалпына келтіру техникалық жағынан дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі.
Қазіргі ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы жанындағы және ҚБТУ ғимаратының артында орналасқан «Северный» саябағындағы субұрқақ жөнделіп жатыр. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры алдындағы фонтанның орталық тостағандарын ауыстырып, күрделі жөндеу жүргізу қажет.
Әр фонтанда қауіпсіздікті сақтау мақсатында шомылуға болмайтыны туралы тақтайшалар орнатылған. Өйткені олардың конструкцияларының ішінде электр, суасты жарықтандыру құрылғылары, суасты сорғылар мен тағы басқа жабдықтар бар.