Суға шомылғанда нені ескеру керек – мамандар түсіндірді
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитенінің өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, жазда халық демалатын орындарда жатуға арналған жабдық, көлеңкелі қалқалар (шатыр), киім ауыстыратын орындар мен басқа да құралдар болуға тиіс. Сонымен қатар бұл демалыс орындарында «шомылуға рұқсат» белгілері болуы қажет.
Мысалы, санитариялық қағидалар, талаптар сақталмайтын жерлерде, сонымен бірге жарақат алу қаупі бар жерлерде «шомылуға тыйым салынған» белгілері міндетті түрде болу керек. Бұл белгілерді жергілікті атқарушы органдар орнатады, – деді Ержан Байтанаев.
Демалыс орындарына барған кезде мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:
Жағажайда қоршалған жерлерде сақ болу керек. Қоршаудың шегінде жүргенде әсіресе балаларды, олардың отырған (орналасқан) жерлерін бақылап, көз қырын салып отыру қажет;
Күн соққысының (бастан күн өту) алдын алу мақсатында баскиім киіп, шатыр немесе қолшатыр астында отыру керек;
Кене шағу мен шыбын-шіркейдің алдын алу үшін арнайы құралдарды (репелленттерді) қолданып, киімді дұрыстап, мұқият киюді қадағалау керек. Сосын киімді және теріні жиі-жиі тексеріп тұру керек;
Ішек инфекциясының алдын алу үшін жеке гигиенаны сақтау керек. Су айдындарынан су ішпеу керек. Өзіңізбен бөтелкедегі суды үнемі алып жүру қажет және тек жуылған жемістер мен көкөністерді жеу керек.
Шомылатын аумақтың жай-күйіне (тұрмыстық және құрылыс қалдықтарымен қоқыстануы), су бетінің жай-күйіне назар аудару қажет. Сонымен қатар демалғаннан кейін өзіңізден қалған қалдықтарды (қоқысты) тазалап кетуді ұмытпау керек. Себебі табиғатты аялау, қоршаған ортаны ластамау, қоғамдық-мәдени орындарда тазалық сақтау – әр азаматтың міндеті.Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитенінің өкілі Ержан Байтанаев