Ақшаға ақыл айтатындар көбейді
Трендке айналған тренингтер жайлы Astana.tv журналисттік зерттеу жүргізіп, арнайы сюжет берді.
Айтолған Жүнісхан – бірнеше ай бұрын онлайн курсқа қатысып, опық жеген. Онлайн ақша табудың жолын іздеген студент 30 мың теңгеге сабақ сатып алған. Алайда, сенген семинары сергелденге түсіріп, нәтиже бермепті.
Нәтижеге 100 пайыз кепілдік береді де. Бірақ сен оны алып оқығаннан кейін, сол курсты өткеннен кейін нәтиже ондай болмай шығады. Менде де сондай болды. Яғни, алған курсым бірден жұмысқа тұрып кетесіз, бірден көп табысқа ие боласыз деген маркетингтік жолдармен адамдарды шақырады. Бірақ оны алғаннан кейін ішіндегі күткен нәтиже, яғни басында саған берген уәделер басқаша болып шығады. Студент Айтолған Жүнісхан
Ел арасында Айтолған секілді онлайн курстан опық жегендер жетерлік. Бірақ жазаланып жатқан ешкім жоқ. Заңсыз жолмен жұртты алдағандарға шара қолданыла ма деген сұрағымызға заңгер былай деп жауап берді.
Бірінші - курс сатып алған кезде барлық құжаттарды толық қарап шығу керек. Заңға сәйкес па, жоқ па? Ешқандай лицензиясы жоқ курстардан аулақ болу керек. Ал егер, онлайн ақша табуды үйретем деп алдап кетсе, құзырлы органдарға шағымдану керек. Дәлел ретінде сөйлескен чаттарды суретке түсіріп алыңыз. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Заңгер Жанар Ержанова
Тез баюдың жолын іздеген адамдар үшін семинар-сабақтар мен тренингтердің түрі көп. Біздің түсірілім топ әлеуметтік желіде жарнамасы жер жаратын бір курсқа хабарласып, оның құнын, қалай табысқа шығаратынын сұрап көрдік.
Курс өткізіп, пайда тауып отырған кейіпкер телефон арқылы 100 процент табыс табуды үйретемін деп уәденің астына қалдырды. Ал, психолог маман дәл осылай жылы сөйлеп, мотивацияға жасайтатындардың торына адамдар тез түседі дейді.
Біздің психологиялық деңгейіміз төмен болғаннан кейін біз соған сенеміз. Өйткені, адамдар қатысқаннан кейін, үш күн қатысқан кезде адам қанаттанады, керемет жұмыс жасайтын сияқты болады. Ол курс біткеннен кейін адамның дүниетанымы өзгеріп кетпейді ғой. Психолог Балабек Сақтаған
Қазір елімізде тренинг өткізетін 200-ге жуық орталық бар. Бұл - ресми тіркелгендері. Ал, тіркелмегені қаншама. Сап түзеген семинарлар туралы қоғамның пікірі де әртүрлі. Бірі қолдаса, енді бірі оңай ақша олжа әкелмейді деп санайды.