Еурокомиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейін оң бағалады
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 қазанда Брюссельде қазақстандық делегация Еуропалық комиссия өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық тарап ұшуды пайдалану, ұшуға жарамдылық, авиаперсоналды лицензиялау және Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейін жақсарту жөнінде пікір алмасты.
Министрліктің баспасөз қызметі атап өткендей, еуропалық тарап жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар бойынша Қазақстан Республикасының авиациялық билігі қабылдап жатқан шараларды оң қабылдады.
Бұдан бөлек Еуропалық комиссия делегациясының басшысы 2019 жылдан бастап Қазақстанда іске асырылып жатқан азаматтық авиацияны реттеудің еуропалық моделін жоғары бағалап қолдады және бұл ұшу қауіпсіздігінің еуропалық стандарттарына толық сәйкес келетін әлемдегі ең озық және ең тиімді тәсілдердің бірі саналатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Еурокомиссия ұшуға жарамдылық, ұшуды пайдалану, әуе персоналын лицензиялау, ұшу қауіпсіздігі басқармасы, ҚАӘ процестерін стандарттау және ұйымның жаңартылған құрылымы салаларында атқарылған жұмыстардың барысын оң бағалап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға шақырды. Еуропалық тарап осы мәселелерде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Қорыта келе, Қазақстанның авиациялық биліктері ұсынған прогресс негізінде Еуропалық комиссия өкілдері бүгінгі күні қазақстандық авиакомпанияларда Еурокомиссияның ұшу қауіпсіздігі тізіміне («қара тізім») және Еуропаға ұшуға қандай да бір шектеулер енгізу бойынша қауіптер жоқ екенін растады.