"ҚазМұнайГаз" ҰК KPI зауытындағы жағдай туралы ақпаратты жоққа шығарды
Әлеуметтік желіде тараған Атырау облысындағы "KPI Inc." ЖШС полипропилен өндіру кешенінің мұржасында газ алауы авариялық жағдайда жанғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Сондай-ақ компанияның баспасөз қызметі зауыт басқа өндірушілер шығарған полипропиленді өз өнімі ретінде сатып жатқаны туралы мәлімет те жалған екенін мәлімдеді.
"Зауыт іске қосылғалы технологиялық қондырғылардың жұмысын оңтайландыру жүргізіліп жатыр және пропилен алауы қысқа уақытқа мамандардың бақылауымен жағылды. Оның құрамы зиянсыз, газ плиталарында жанатын газға ұқсайды"."ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметі
Компания өкілдерінің айтуынша, кешен 8 қарашада ресми іске қосылғаннан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді және өндіріс көлемі біртіндеп артып жатыр.
"1 желтоқсанда 23 мың тонна полипропилен өндірілді. 9 мың тоннадан астамы (6 пойыз және 18 автокөлік) экспортқа және ішкі нарыққа жөнелтілді, 14 мың тонна полипропилен қоймада тұр. Қазақстандық тұтынушылар жеткізілген полипропилен партиясын сынақтан өткізіп, "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." ЖШС полипропиленінің сапасы РФ мен Қазақстан нарығындағы басқа өндірушілердің өнімдерінен асып түсетінін мәлімдеді"."ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметі
Биыл желтоқсанда 29 пойыз тауарлық полипропилен өндіріп, оны жөнелту жоспарланған.
1 желтоқсан күні әлеуметтік желіде Атырау облысында 2022 жылғы қараша айының басында іске қосылған жаңа газ-химия кешенінің мұржасынан шығып жатқан жалынның видеосы тарады.