ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерді
Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл шешімді қабылдауға геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, сондай-ақ әлемде азық-түліктің жоғары бағалары сақталып отырған сыртқы ортаның факторлары негіз болды.
"Ішкі экономика тарапынан инфляциялық күтудің барынша тарихи жоғары деңгейде болуы, сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болмауы, сондай-ақ импорттың жедел өсуі кезінде сауданың қайта құрылуы байқалады".ҚР Ұлттық банкі
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындады. Оның қазіргі деңгейі жеткілікті жоғары деп бағаланады.
"Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы бүгінгідей мәндерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді".ҚР Ұлттық банкі
Ұлттық банк өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту ықтималдығы төмен деп бағаланады.
Ал ннфляция жоғары деңгейде қалыптасып отыр.
Қараша айында оның жылдық мәні 19,6% болып, барлық компонент бойынша өсті. Қараша айында айлық инфляция біршама баяулады, бірақ әлі де көп жылдық орташа деңгейден айтарлықтай асып, жоғары мәнде қалып отыр. Бұл ішкі сұраныс орнықты болған кездегі жоғары сыртқы инфляцияға және тұтынушылық тауарлар импортының логистикалық жолдарын жаңа сауда бағыттарына қайта бағдарлаудың жалғасуына байланысты.ҚР Ұлттық банкі
Банк өкілдерінің сөзінше, осы ортада халықтың және кәсіпорындардың тарихи жоғары көрсеткіштерге жуық болып отырған инфляциялық күтулері мен тұтынушылық кредиттеудің өсуі – күшейтуші проинфляциялық факторлар. Тауар жеткізу тізбегі үзілген жағдайларда бекімеген инфляциялық күтулер қысқа мерзімді және де ұзақ мерзімді тауарларды тұтынуды ынталандырады.
Сыртқы жағдайлар тарапынан монетарлық талаптарды жаппай күшету салдарынан бәсеңдеген әлемдік сұраныс нәтижесінде орта мерзімді кезеңде сыртқы ортаның проинфляциялық факторлары жеңілдейді деп болжанады. Астықтың бітік шығуы инфляцияға қысымның біртіндеп төмендеуіне қосымша фактор болады. Жалпы алғанда азық-түлік бағасының деңгейі жоғары болып сақталады. Украинадағы әскери қақтығыс – тәуекел факторы болады.
"Көрсетілген факторлар ескеріле отырып, инфляцияның болжамы қайта қаралды. Базалық сценарийде биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қалыптасады. Бағалау бойынша инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың 1-тоқсанында болады деп болжанады. Жоғары инфляциялық күту және дезинфляциялық сыртқы орта кезінде сауданы құрылымдық қайта құру нәтижесінде 2023 жылға инфляция бойынша болжам 11-13%-ға дейін көтерілді". ҚР Ұлттық банкі
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 13 қаңтарда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.