Қазақстандағы әр екінші көліктің шыққанына 20 жылдан асқан
Energyprom.kz есебіне сәйкес, 2022 жылы елдегі жеңіл автокөліктер саны 2,9% өсіп, 2023 жылдың басында 3,91 млн данаға жеткен.
"Оның ішінде 10 жылдан асқан автокөліктердің саны қазірдің өзінде 2,76 миллионға жетті. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен бірден 14,7% артық. 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі бір жылда 63,4%-дан 70,6%-ға өсті", - делінген хабарламада.
Оның үстіне 10 жеңіл көліктің 5-і 20 жылдан асқан: бұл 2 миллионға жуық көлік. Елімізде 10 мен 20 жыл аралығындағы 816 мың автокөлік бар.
Шыққанына 10 жылдан асқан барлық көліктің үштен бірі тек үш аймақта:
- Алматы облысы (406,6 мың);
- Алматы (310,6 мың);
- Шығыс Қазақстан облысы (211,8 мың).
Бұл ретте өңірлік автопарктегі 10 жылдан асқан автокөліктердің ең көп үлесі Жамбыл (86,7%), Жетісу (85,9%) және Алматы (84,1%) облыстарында тіркелді.
Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш болып саналатын "автоқоқыс" басымдығы жоқ екі өңір бар - Атырау облысы және Астана қаласы. Мұнда 10 жылдан асқан автокөліктер автопарктің жартысынан азын құрайды: тиісінше 45,5% және 48,1%.
Бұл арада шыққанына 20 жылдан асқан мүлдем "қарт" көліктер туралы айтатын болсақ, бұл көліктердің жартысына жуығы мына бес аймақта:
- Алматы облысы (317,8 мың).
- Алматы (177,2 мың).
- Қарағанды облысы (157,3 мың).
- Шығыс Қазақстан облысы (154,9 мың).
- Жамбыл облысы (145 мың).
Айта кету керек, бұрын болған Оңтүстік Қазақстан облысында 20 жылдан асқан 103,2 мың автокөлік әлі де тіркелген.
Шыққанына 20 жылдан асқан 115,9 мың жеңіл автокөліктің қай облысқа жататыны мүлдем көрсетілмеген.
2023 жылдың 1 шілдесіне дейін елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жүргізіледі.