Масс-медиа туралы заң жобасының жаңартылған нұсқасы наурыз айында таныстырылады
Бұл туралы Ұлттық медиа қауымдастықтың төрағасы Кемелбек Ойшыбаев Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Бүгін "Масс медиа" заң жобасының талқылауын өткіздік. Соңғы кезде БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде осы заң жобасына атысты көптеген ой-пікірлер жарияланды. Көтеріліп жатқан сұрақтардың жауаптарын нақтылап, барлығына түсінікті болуы үшін, түрлі бұрмалауларды доғару үшін Ұлттық медиа қауымдастық конференция өткізуді ұсынды". Ұлттық медиа қауымдастықтың төрағасы Кемелбек Ойшыбаев
Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, конференцияда бірінші қаралған мәселе заң жобасында көзделген БАҚ пен журналистерге төтенше жағдай кезінде материалдарды уәкілетті органмен келісу талаптары болды. Көпшілік бұл талаптың орындалуы қиындылығын жеткізді, себебі материал келісілгенше, оқиға туралы деректер өзектілігін жоғалтатытын атап өтті. Осы тұрғыда ешқандай ақпараттың жоқтығы тұрғындар арасында дүрбелең тудыруыда мүмкін. Министрлік пікірлерді қабылдап, бұл тармақты жою немесе түзетулер енгізу мүмкіндігі қазір пысықталып жатқанын хабарлады.
Талқылау барысындағы екінші өзекті мәселе – заң жобасынан БАҚ пен журналистерге материалды теріске шығару, алып тастау немесе өзгерту үшін талап қою шарттарына уақыт жағынан шектеу қою сұрағы болды. Бұл туралы пункт заң жобасынан алынып тасталғаны дұрыс емес екенін жеткізді.
"Жасұлан Өміралиев министрліктің осы пікірмен келісетінін айтып, тармақты заң жобасына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді".Ұлттық медиа қауымдастықтың төрағасы Кемелбек Ойшыбаев
Журналистерге арналған баспасөз картасын енгізу мәселесі талқыланған кезде түрлі пікірлер айтылды. Талқылаудың нәтижесінде қатысушылар пресс картаның берілу және кері қайтарып алу рәсімдері журналистердің жұмысына кедергі келтірмеуі үшін халықаралық тәжірибені ескере жасау қажеттілігіне назар аударды.
Сондай-ақ конференцияда YouTube арналарын бұқаралық ақпарат құралдары санатына жатқызу, интернет-теледидар платформаларын реттеу туралы ұсыныстар айтылып, министрлік ұсыныстарды қарастыруға уәде берді.
Жаңартылған заң жобаны министірлік наурыз айының басында қоғамға көрсетуге жоспарлауда.
Ұлттық медиа қауымдастық қажет болған жағдайда алдағы уақытта мұндай пікірталастарды бейтарап алаңы ретінде өткізуге дайын.
Шараға журналистер, БАҚ басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды. Ұсынысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қолдап, онлайн конференцияға Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі мен депатамент директоры Жасұлан Өміралиев қатысты. Онлайн-конференцияға 35 журналист қатысты.