Абай облысының полициясы алаяқтықтың жаңа түрі туралы хабарлады
Фото: freepik
Полиция мәліметінше, алаяқтар өздерін "Қазпошта" қызметкерлері ретінде таныстырып, сіздің атыңызға сәлемдеме келгенін хабарлайды. Олар сәлемдемені алу үшін SMS-кодты айтуыңызды сұрайды. Ведомство мұндай жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ешқандай кодты бермеуді ескертті.
"Қазпошта" АҚ хабарламаларды тек 1499 ресми қысқа нөмірінен жібереді. Сәлемдеменің жағдайын post.kz ресми сайтынан немесе мобильді қосымшадан тексеруге болады.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін әрбір қоңырау мен SMS-хабарламаны мұқият қарап, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және банк картасының деректерін немесе SMS-кодтарды ешкімге айтпаңыз. Егер күмәнді хабарлама немесе қоңырау алсаңыз, ақпаратты нақтылау үшін "Қазпоштаның" ресми өкілдеріне хабарласыңыз.
Бұған дейін Абай облысында интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 11 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылғаны хабарланған болатын.