Верный қаласын көшіруге аз қалған жер сілкінісін білесіз бе?
Қаланың сол бір табиғи апатты қалай бастан кешкенін және апаттан кейін қалай қалпына келтірілгенін еске салуды жөн көрдік.
Ол кезде Верныйда шамамен 30 мың адам тұрды. 28 мамырға қараған түні қала тұрғындары таңғы сағат 4:30-да жер сілкінісінен оянды. Біріншісінің магнитудасы 5 баллды құраса. 5 минуттан кейін 8-9 баллға дейін жетті.
«Туркестанские Ведомости» газетінің 1887 жылғы 30 маусымында шыққан санында куәгерлердің сөздері берілген.
«28 мамырда таңертең қатты дүмпу естілді. Жердің тербелісі бір секундтан аспай бәрі тынышталды, қарапайым жер сілкінісі сияқты көрінді. Бірақ, шамамен 5 минуттан кейін екінші дүмпу болғанда, қабырғадан гипс төгіле бастады, пештер, қабырғалар мен төбелер құлады. Зілзаланың шуы мен гүрілі жүз шақырымға естілді, ал көтерілген шаң қала көшелерін тұмандай басты», – дейді қала тұрғыны.
«Сол сәтте көпқабатты үйде болғандардың жағдайын сипаттау қиын: тастар, әйнектер, заттар ұшты, қабырғалар, төбелер құлап, содан кейін ғимараттар толық қирады", – делінген «Жаңалықтар мен биржалық газет» баспасының 1887 жылғы 21 маусымдағы санында.
140 адам қайтыс болғыны, оның 105-і бала екені хабарланды. Әскери губернатор Алексейдің Дала генерал-губернаторы Герасим Колпаковскийге жазған хатынан:
«Өткен түннен бері же сілкінісі айтарлықтай әлсіреді, ал күндіз қатты сезілмегенімен, жиі соғады. Бүгін қала тұрғындарының көпшілігі таулардан су мен балшық ағады деген негізсіз қауесеттерге сеніп, қашуға асықты. Оларды тынышталдыру үшін мен өзімнің көмекшіммен бүкіл қаланы аралап шықтым, халықты зиянды қауесеттерге сенбеуге шақырдым және шара қолдандым».
31 мамырда генерал-губернатор Колпаковский ішкі істер министріне зерттеушілер жіберуді сұрап хат жолдады, сондай-ақ қаланы ауыстыру туралы ұсыныс жасады: «Қаланы облыстың өзге пунктінде тұрғызған дұрыс емес пе», – деп жазды ол.
9 күннен кейін қаланы көшіру туралы жабылмаған сұраққа қарамастан, қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Зілзаладан кейін ағаш ғимараттар тұрғызуға басымдық берілді.
Себебі 5 маусымдағы есепте: «Тас ғимараттар саны – 1 799, ауылдарда — 139. Барлығы жойылды. Ауылдардағы ағаш ғимараттар саны – 839, барлығы дерлік тұруға жарамды», делінген.
Ағаштарды шатқалдардан алуға рұқсат етілді, үй салынғаннан кейін табиғатқа өтемақы ретінде тұрғындар жас көшеттер отырғызуға міндеттелді. Қалада ғимараттар тұрғызу кезінде әсемдікке деген құштарлық емес, бір ғана критерий – тұрақтылық басшылыққа алынды.
«Қаланы болашақта қорғау үшін арнайы шаралар қабылданды. Тас үйлер мүлдем салынбады, бүкіл қалада бірнешеуі ғана, бір қабаттылар болды. Ағаш үйлер аласа болды, екі қабаттан артық салуға рұқсат етілмеді», – деп еске алады натуралист Владимир Шнитников.
Құрылыс бойынша тиісті ұсыныстар да пайда болды: «Ғимараттарды тасты іргетастар мен жертөлелерге кемінде 12 тұтам (52.8 см) салу керек. Жертөлелер бір аршыннен (71.12 см) жұқа болмауы тиіс. Төбелерді сылау ұсынылмайды».
Апаттан бір ай өткен соң тау-кен департаменті Иван Васильевич Мушкетовтың ғылыми жетекшілігімен арнайы экспедиция ұйымдастырды. Ол Верныймен қатар, жер сілкінісінің бүкіл аумағында зілзаланың жойқын салдарын егжей-тегжейлі сипаттап, зерттеді.
Сақталған мәліметтерге сәйкес, 8000-ға жуық адам баспанасыз қалған. Бірінші кезекте мұқтаждарды тегін тамақтандыратын наубайхана пештері қалпына келтірілді. Тұрғындар амалсыздан дәл алаңда шатырлар көтерді, байлары киіз үй жалдады.
Қараша айының соңына қарай Верныйда 1170 үй салынды, 337-сі аяқталуға жақындап, генерал Колпаковский даңғылындағы алаңың ортасында ағаш часовня салу туралы шешім қабылданды.
Колпаковскийдің қаланы көшіру туралы ішкі істер министріне жазған хаты бір жыл өткен соң қабылданбай тасталды. 1888 жылғы 27 маусымда Верный ресми түрде Жетісу облысының орталығы болып қала берді.
1895 жылы қаланың алғашқы көшелері – Колпаковский және Штабная даңғылдары таспен қаланды. Келесі жылы Колпаковский даңғылынан Гимназия көшесіне дейінгі жолға тас төсеу жалғастырылды. Ең абаттандырылған қала орталығы – Қазначеская (Қалдаяқов), Торговая (Жібек жолы), Сергиопольская (Төлебаев) және Командирская (Бөгенбай батыр) көшелерінің алаңы болды. Қала орталығына іргелес көшелер: казармалық көшемен (Панфилов), Береговой көшесіне дейін олардан төмендеу деңгейде үйлер салынды. Мұнда шенеуніктер, офицерлер, саудагерлер мен өнеркәсіпшілер тұрды. Қаланың қалған бөлігінде қарапайым тұрғындар лашықтар мен саман үйлерде қоныстанды.
Қаланың солтүстік бөлігінде, Ташкент трактінің жанында «темір ұсталарының қатарлары» болатын. Қалалық жайылымның солтүстік-шығыс бөлігінде «беде учаскелері» орналасқан. Алаңдарды орналастыру және көшелерді бөлу жер сілкінісіне дейінгі қалыпта қала берді, бірақ олардың функционалдығы артты. Шіркеуі бар архиерейлер үйі, губернатор үйі, ерлер гимназиясы, әйелдер гимназиясы қайта салынды.
Зілзаладан кейін қаланың орталық бөлігінде бос учаскелер пайда болды. Ол жерде қоғамдық құрылыс нысандары бой көтерді: Верный қалалық басқармасы, өрт сөндіру депосы, Түркістан рухани консисториясы және метеорологиялық обсерваториясы болды. Қаланың батыс шетінде, Үлкен Алматы станицасының оңтүстігінде ақыл-есі ауысқан науқастарға арналған емхананың аумағы пайда болды.
Жер сілкінісінен 30 жыл өткеннен кейін қала белгіленген шекарадан шығып үлгерді және Арычнаядан (Абай даңғылы) жоғары орналасқан қалалық жайылымдар аумағында құрылыс басталды. Ол уақытта Верныйда Жетісудың барлық облыстық мекемелері шоғырланған, халқы 37 000 адамды құрады, 2 100 тұрғын үй болды.
Верныйдың балансында Түркістан рухани консисториясы, 11 мешіт, 9 шіркеу, 18 оқу орны, бау-бақша және орман шаруашылығы мектептері, орыс тау-кен қоғамының Жетісу бөлімі, шағын облыстық мұражай, 66 фабрика мен зауыт, әскери, қоғамдық және коммерциялық жиналыс үйлері болды.
Ташкент трактінің солтүстігінде Титовтың сауда моншалары (мал сою орындарында мал жуу үшін) салынды, оларға бас арықтан қаладағы алғашқы су құбыры жүргізілді. Іле трактінің шығыс жағында Верныйда жылқы шаруашылығының дамуына себеп болған әскери атқора салынды.
Бутаковка мен Кіші Алматы өзенінен жоғары қарай әскерлер үшін саяжайлар мен жазғы казармалардың жаппай құрылысы басталды. Бутаков шатқалында губернатор мен архиерейдің саяжайлар болды. Өнеркәсіп қарқынды дамыды, 1905 жылға қарай Верныйда 91 өнеркәсіптік кәсіпорын болды, ал 5 жылдан кейін Андрей Зенковтың жобасы бойынша Қарғалы қаласында мата фабрикасы салынды.