Ақтөбеде тасқын кезінде жұмыс істеген жүргізушілер еңбекақысын ала алмай жүр

Ақтөбеде көктемгі тасқын кезінде жұмыс істеген 50-ден астам көлік жүргізушісі екі айдан бері ақшасын ала алмай жүр. Олар бір ай бойы техникасымен су сорғызу жұмысын атқарған, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Ақшамызды ала алмай жүрміз. Наурыздан сәуірге дейін жұмыс істедік. Еңбегімізді сұрап келіп тұрмыз. Мерекелер бітті. "Келесі апта, екі-үш күн, әне келіңіздер, міне келіңіздер" – сылтаулары. Бізде де шаруа, несиелеріміз бар". Көлік жүргізушісі Айдын Жайғарин
Биыл күн күрт жылынып, қаланың біраз бөлігін су алған. Көлік жүргізушілері сондай қиын кезде күні-түні жұмыс істеген. Еңбекақысын да бірден беруді уәде еткен, бірақ кейін ақша да жоқ, хабар да болмай қалыпты. Одан бөлек, ассенизатор жүргізушілері Қобда ауылына өз еркімен барып, су басқан аумаққа көмек берген. Бірақ ол еңбегімізді сатпаймыз, қиын сәтте қобдалықтарға көрсеткен қолдауымыз деп отыр.
Ақтөбедегі су сору жұмысын жүргізген екі серіктестіктің бірімен әкімдік есептесіп қойған. Оларға 100 миллион теңгеге жуық қаржы төленген. Ал 54-і өзіне тиесілі 70 миллион теңге шамасындағы қаржыны ала алмай жүр. Дегенмен олармен кездесуге шыққан әкімдік өкілі "мәселе жақында шешіледі" деп уәде берді.
"130-дан астам АС машинасы жұмылдырылды. Төлеміне байланысты келетін болсақ, алдыңғы аптада елу пайызына жуық төлем жасадық. Кеше сессиядан толық ақшамызды бөлді. Келесі аптада анықтамаға отырады. Келесі апта толық төлейміз".Ақтөбе ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов