Жамбыл облысындағы 8 жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп апатты жағдайда тұр

Жамбыл облысындағы Дінмұхамед Қонаев ауылының оқушылары апатты мектепте оқып жүр. Білім мекемесінің едені опырылып, қабырғалары жарты ай бұрын жарылған. Дегенмен жауаптылар қазір күрделі жөндеу жұмыстары басталғанын айтып, кемшілікті түзейміз деп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қонаев ауылындағы мектеп 2015 жылы қолданысқа берілген, бірақ қазірдің өзінде іші қирап жатыр.
Мектеп басшылығы жағдайдың 2 апта бұрын болғанын айтып отыр. Екіқабатты бастауыш ғимарат апатты болғандықтан, ондағы 100-ден аса бала көшірілген. Қазір оқушылар кітапхана мен әдістемелік және директор кабинетінде білім алып жатыр.
Мысалы, балаларға мына жерде ыңғайсыз, біз сабақ та өте алмаймыз. Балалар жүгіре алмайды. Біздің өзімізге қолайсыз болып тұр. Ертерек біз кабинетімізге оралсақ.
Тәрбиеші Баян Тәжиева
Мектеп ашылғалы мәселеден көз ашпаған. Себебі былтыр ғана 9 миллион теңгеге жуық қаржыға жөндеу жасалса да, олқылығы тағы шығып жатыр. Мектеп басшысы ғимаратқа о баста дұрыс жер таңдалмағанын айтты.
"Ол жердің бірінші қабатының құрылысының трамбовка дұрыс жөндеп жасалмаған шығар. Мүмкін одан да болар. Астында шұңқыр болған, "погреб" болды деп жатыр елдер. Соның үстіне соғылған мектеп". Мектеп директоры Рымжан Омаров
Аудандық білім бөлімі мектептің қанша қаржыға салынғанын айта алмады. Дегенмен білім беру ошағын жөндеуді былтырғы мердігерге жүктеген екен.
"Жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Бүгінде істелген жұмыстың артынан тағы да ақаулар анықталды. Ол кеткен ақаулар бойынша мердігер тарапынан бүгінде кемшіліктерді қайта қалпына келтіру бойынша барлық материал толық жеткізілді. Ертең жөндеу жұмыстары басталады". Тұрар Рысқұлов аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров