Антарктидада Қазақстан жайлы қандай естеліктер бар?
Соңғы жылдары Антарктида туристер үшін қолжетімді бола бастады. Оңтүстік полюске саяхаттау сәнге айналды және бұл аймаққа келушілер саны жыл сайын артып келеді. Адамдар ғаламдық жылыну процесінің әсерінен жақын арада мүлдем өзгеруі мүмкін континентті өз көзімен көруге асығуда.
Сондай-ақ Антарктиданың ғажайыптарға бай табиғаты да кез келген адамның қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.
Тек Антарктидада ғана жұлдыздар сағат тіліне қарсы бағытта қозғалады, тек осында ғана 2 миллион жыл бойы жаңбыр мен қар көрмеген құрғақ аңғарлар бар. Антарктидада әлемдегі ең оңтүстік белсенді жанартауға көтеріліп, мұздықтан ағып жатқан «қанды сарқыраманы» көруге, сондай-ақ пингвиндердің барлық түрлерін кездестіруге болады.
Сурет: Қадырбек Бектурсуновтың жеке мұрағатынан
Аймақта қолдан жасалған ғажайыптар да жетерлік. Олардың кейбіреулері, атап айтқанда, зерттеуші Эрнест Шеклтон мен Роберт Скотттың ағаш кабиналары алғаш материкті игеру басталғаннан бері тұр. Ал кейбіреуі салыстырмалы түрде жақында пайда болды. Оларға арктикалық стансаларда орналасқан қала атаулары бар бағаналарды жатқызуға болады. Полярлық зерттеушілердің қыстауға келіп, осы нүктеден туған жеріне дейінгі қашықтық көрсетілген тақтайшаны бекіту дәстүрі қашан пайда болғаны белгісіз, бірақ осы уақыт ішінде мұндай тақтайшалар көптеп жиналды.
Олардың арасында Қазақстан қалаларының атаулары да бар. Бірінші тақтайша Молодежная стансасында орнатылған. «Қапшағай, ҚазССР» деп жазылған бұл тақтайшаны 1986 жылы радиошы Сансызбай Мәдибеков бекіткен. Ал 2009 жылы «Қазгидрометтің» бұрынғы қызметкері Қадырбек Бектұрсынов Мирный полярлық стансасында екінші тақтайшаны орнатты. Онда: «Талғар, 11 959 шақырым» деп жазылған. Метеоролог 54-ші арктикалық экспедицияға қатысқан еді. Оның міндеті айсбергтерден мұз сынамаларын алу және оларды қазақстандық үлгілермен салыстыру болды. Бұл біздің ғалымдарымызға ғаламдық жылынудың себептерін жақсы түсінуге және республикадағы климаттың өзгеруін болжауға көмектесті.
Сурет: Қадырбек Бектурсуновтың жеке мұрағатынан
Содан бері қазақстандықтар Антарктидаға жиі баратын болды: тіпті сол жерде өз стансасын ашу идеясы да пайда болды. Бәлкім, Қазақстан қалаларының атаулары жазылған бағанамен бірге Антарктидада алғашқы мешіттің пайда болуы да ғажап емес.
Бүгінгі таңда материкте әртүрлі конфессиялардың бірнеше ғибадатханалары бар. Олардың ішінде: америкалық христиан капелласы – Қар шіркеуі, Болгарияның полярлық стансасында салынған Әулие Иван Рыльский часовнясы, аргентиналық Әулие Франциск Ассизский шіркеуі, Чилидің Santa Maria Reina de la Paz часовнясы және ресейлік Беллингаузен арктикалық стансасының жанында салынған Әулие Троица шіркеуі бар.
Сурет: wikimedia
Сурет: wikimedia
Антарктидада алғаш православие ғибадатханасын салу идеясын 1999 жылы тәжірибелі полярлық Валерий Лукин мен антарктикалық әуе компаниясының жетекшісі Петр Задиров көтерді. Келесі жылы қайырымдылық қор құрылып, байқау жарияланды. Сөйтіп, сәулетші Петр Анисифоровтың жобасы жеңіске жетті.
Нысанды салу кезінде Антарктиданың қатаң табиғи жағдайлары ескерілді, сондықтан құрылыс материалы ретінде Алтай балқарағайы мен сағызқарағай таңдалды. Айта кетейік, аталған ағаштардан жасалған бағаналарда Венеция тұрғызылған. Жыл өткен сайын су астында бұл жыныстар металдан да күшті болады және антарктикалық екпінді желге солар ғана төтеп бере алады. Ғимараттың тұрақтылығы үшін шіркеудің қаңқасын қатайтатын ерекше құрылым жасалды.
Сурет: иеромонах Гавриил (Богачихина)
Ал Әулие Троица ғибадатханасына арналған ағаштарды Таулы Алтайдағы Қызыл-Өзек ауылында ағаш ұсталар бригадасы кесіп, дайындады. Ғимарат бір жылға жуық уақыт тұрған соң бөлшектеліп, Калининградқа, сол жерден «Академик Сергей Вавилов» кемесімен Антарктидаға жеткізілген. Айтпақшы, материкте бұл шіркеу пайда болғалы мұнда екі рет неке қию рәсімі өткізілді.
Аталған Беллингхаузен арктикалық стансасында мұсылмандардың қасиетті Құран кітабының көшірмесі сақталған. Бұл материктегі жалғыз экземпляр болуы мүмкін.
Оны 2014 жылдың қарашасында Татарстан республикасының мұсылмандар діни басқармасы сыйға тартқан. Қасиетті кітап Антарктидадағы стансаға жеткізілген күні материкте алғаш рет азан шықырылды.
Енді Құран кітабы жер бетіндегі алтыншы материкте оқылатын болды. Айта кетейік, 2014 жылы Антарктика туралы келісімшартқа Қазақстан да қосылды. Сондықтан, көп ұзамай материкте алғашқы мешіттің де пайда болуы ғажап емес.