Дропперлер деген кім және олардың алаяқтық әрекеттері қандай

Хакерлерден қалай қорғану керек, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.06.2023 13:47 Сурет: pixabay
Жақында Алматыда киберполиция қызметкерлері егде жастағы азаматтарды алдау жөніндегі алаяқтық схемаға қатысқан адамды ұстады. Өкінішке орай, егде жастағы қазақстандықтар аталған алаяқтық амалдарға жиі алдануда.

Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ұсталған азамат қарт адамдардан қомақты ақша алу бойынша ірі алаяқтық тізбекте дроппердің рөлін атқарған.

Дроппер деген кім?

Дроппер немесе дроп – бұл алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін адам. Кейде карточкасын үшінші тұлғалар пайдаланғанын білмеген адам алаяқтық объектісіне айналуы мүмкін. Осылайша, дроп өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын әрдайым түсіне бермейді, өйткені алаяқтар әдетте өз әрекеттерін "заңды бизнес" ретінде жасырады.

Дропперді әртүрлі шоттар арасында заңсыз алынған ақшаны аудару үшін жалдайды. Бұл қылмыскерлерге іздерін жасыруға және тергеу жұмысын қиындатуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда алаяқтық аударымдар әртүрлі елдерде және әртүрлі адамдардың атынан жасалуы мүмкін. Дроппер өз жұмысы үшін банк картасы арқылы аударылған ақшаның пайызын ала алады.

Онлайн-алаяқтықты тергеу кезінде тергеушілер бірінші кезекте дропперлерге шығады. Әдетте, олар қылмыскерлердің сыбайлас қатысушыларына айналады және ҚР Қылмыстық кодексінің "Алаяқтық" 190-бабына сәйкес бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дроп – бұл сленг, ағылшын тіліндегі drop – тастау, лақтыру етістігінен шыққан.

Киберполиция немен айналысады?

Қазақстанда полицияның кибербөлімшесі арнайы міндеттерді орындау үшін жақында пайда болған. Қазір бөлімше пилоттық режимде Алматыда іске қосылды, бұған дейін осыған ұқсас құрылым Астанада жұмыс істей бастаған. Негізгі міндеттері – алаяқтық схемаларды әшкерелеу және интернет кеңістікте адамдарды алаяқтардан қорғау.

Киберполиция банктермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді және күдікті транзакциялар жүргізілген шоттарды бұғаттау туралы жедел қаулылар шығарады. Бөлімше қызметкері жәбірленушімен өтініш беруден бастап тергеу аяқталғанға дейін жеке жұмыс істейді. Полицейлер өздерінің цифрлық зертханаларында гаджеттерді тексереді. Топқа тергеушілер, криминалистер және жедел уәкілдер кіреді.

Бұл жолы полицейлер 2004 жылғы алматылықты ұстады. Дроппердің міндетіне алданған зейнеткерлерден ақша жинап, оларды тиісті адресатқа жіберу кірді.

Ұсталғанға дейін аз уақыт бұрын ер адам 79 жастағы әжейден 1 миллион 200 мың теңгені алып кеткен. Ол бұл соманы қызына жол-көлік оқиғасынан кейін ота жасауына қажет деп алдаған.

"Дроперді ұстаған кезде ол тағы екі алаяқтық тізбегін жүзеге асырып жатты: қаскөй "жұмыс беруші" көрсеткен мекенжайларға барып, сол жерден зейнеткерлердің жинақтарын алып кету керек болды. Осылайша, біз кем дегенде екі алаяқтықтың алдын алдық. Жедел іс-шараның осы кезеңінде болжамды "тапсырыс беруші" анықталып, оны ұстау шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, күдіктінің қатысы бар басқа да ықтимал қылмыстық эпизодтар анықталуда. Ол қамауға алынды", – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.

Алматы полиция департаменті егде жастағы азаматтарды алдау деректерінің жиілеп бара жатқанына назар аударуда.

Тәртіп сақшылары осыған байланысты қауіпсіздік шараларын ескертеді:

  1. Жақын туыстарыңыз бен достарыңызды, әсіресе, қарт адамдарды мұндай алаяқтық туралы ескертіңіз;
  2. Егер сізге полиция қызметкері қоңырау шалса, полиция қызметкерлерінің ақша сұрауға құқығы жоқ екенін есте сақтаңыз. Әңгімелесуді бастамас бұрын сұхбаттасушы өзін таныстыруы керек (аты-жөні, қызметі, лауазымы, жұмыс орны). Бұл ақпаратты "102" арнасында тексеруіңіз керек.
  3. Бейтаныс адам телефон соқса, оның сізге нені және қалай айтқысы келетініне назар аударыңыз. Алаяқтар, әдетте, асықтыруға, шатастыруға, ықтимал зардаптармен қорқытуға тырысады.

Алаяқтардың тұзағына түсетін көбінесе егде жастағы адамдар. Олардың көбісі мұндай жағдайда қайда бару, не істеу керектігін білмейді.

Қазақстан Митрополиттік округі ақпараттық бөлімінің басшысы Евгений Иванов та қарт адамдың жиі алаяқтықтың құрбанына айналып жатқанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, ғибадатханаға келетін қауым мүшелерінің арасында да алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендерін айтып шағымданатындар жетерлік.

Ивановтың пікірінше, оларға алаяқтардың тұзағына түспеу үшін не істеу керектігін айту, көбірек ақпараттандыру маңызды. Алаяқтық 90-шы жылдары белең алған, жалпы, бұл қылмыс түрі әрқашан танымал болды, бірақ қазір қаскөйлер жаңа, заманауи әдістер ойлап табуда. Оған төтеп беру үшін адамда жеткілікті ақпарат болу керек.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: