Жаңалықтар тізбегі
0

Кофе үшін соғыс: сергітетін сусын бүкіл әлемге қалай тарады?

Кофе үшін соғыс: сергітетін сусын бүкіл әлемге қалай тарады?, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.06.2023 16:40 Сурет: pexels
Кофе ұзақ уақыт бойы күнделікті рационның бөлігі ғана емес, сонымен қатар адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналды. Сусынның әлеуметтік қызметі айқын, ол адамдарды біріктіреді.

Аталған сусынның қызықты және түсініксіз тарихы бар: адамдар ол үшін шайқасып, тіпті қарғаған кездері болған.

Адамдардың кофені алғаш рет қалай тапқаны туралы айқын деректер жоқ. Дегенмен, бірнеше аңыз бар және олардың ішіндегі ең кең тарағанына сәйкес, кофені алғашқы болып қазіргі Эфиопия аумағындада өмір сүрген шопан тапқан. Бірде ол ешкі бағып жүріп ұйықтап кеткен, ал оянған кезде малдарын таппай қалып, бірден іздеуге кіріседі. Ал ешкілерін тапқан кезде, қатты таңғалған. Оған әлдебір ағаштардың жидектерін құмарлана жұлып жеген малдар артқы аяқтарымен билегендей көрінді.

Шопан жидектерді қарғыс атқан деп санап, оларды монастырға апарады. Ғибадатхананың діни басшысы жидектердің әсерін байқап көрмек болып, бірнешеуін жеп болғаннан кейін, керемет сергектік сезімін сезінген. Сөйтіп, барлық монахтарға түнгі дұға алдында жидектерді жеуге кеңес береді.

Осылайша, сергітетін жидектердің сиқырлы қасиеті туралы хабар алыс-жақын аймақтарға тарап, кофе бүкіл ел аумағында бірден танымал болды. Бастапқыда жидектер шикідей пайдаланылды. Кейінірек Йеменде кофе жемісінің пісіп, кептірілген мәйегінен сусын дайындала бастады. Ал жидектің дәндері содан 100 жыл өткен соң ғана пайдаланылды.

Айтпақшы, жидектер Йеменге араб көшпенділерінің арқасында жеткен, олар Эфиопиядан өтіп бара жатып, жергілікті тайпалардан жемістердің қоздырғыш қасиеті туралы естиді. Арабтар жидектерді ұсақтап, оған май мен сүт араластырып, түйіршіктер жасаған. Оларды азық ретінде жолға алып жүрген.

Атауы қайдан шықты?

"Кофе" сөзінің этимологиясы да екіұшты. Ол арабтардың кофе ағаштарын өсіре бастаған Каффа аймағының атымен аталған болуы мүмкін. Сондай-ақ оның атауы жидектің ашыған мәйегінен жасалған, "кавах" деп аталғын шараптан шыққан деген болжам да бар. Ақырында нақты кофе атауы Түркияда бекітіліп, сол жерден еуропалық тілдерге тарады.

Кофенің геосаяси ықпалы

Арабтар кофенің құндылығын бірден түсініп, оған тез әуестенді. Эфиопиядан тасымау үшін кофе ағаштарын өз жерінде мәдени өсімдік ретінде өсіре бастады. Басында кофе дәрі ретінде немесе түнгі діни рәсімдерді өткізу үшін қолданылған, бірақ, сусын біртіндеп күнделікті тұтынылатын болды. Осылайша, кофеханалар ашылып, бірден танымалдыққа ие болды.

Алайда, дін басылары мен билеушілердің пікірінше, кофеханалар арсыздық пен азғындықтың орталығы болған. Шынында да, ол кездері адамдар кофеханаға тек кофе ішу үшін ғана емес, қаржылық айла-тәсілдер жасау, билікті сынау және күңдерге қырыңдау үшін баратын. Сондықтан кофеге шарап секілді тыйым салу туралы шешім қабылданды: өйткені ол адамды мас қылады, оның ақыл-ойын тұмандатады, демек бұл харам.

Дегенмен, кофенің жақтаушылары болды. Олар билікпен қарама-қайшылыққа түсіп, кофе адамның санасын тұмандатпайтынын, керісінше оны айқындап, күш-қуат беретінін дәлелдеді. Ақыры, діни кедергілер жойылып, ислам әлемінде кофенің еркін таралуына мүмкіндік туды.

Осылайша, Араб түбегінде кофе өндірісі өркендеді. Бұған көрші Осман империясы да ықпал етеді. Хош иісті сусын түріктердің экономикасына әсер ете бастады. Кофе дәндеріне деген қажеттілік күн сайын артты, ал оларды арабтардан сатып алу керек болды.

Дәл осы кофеге деген қажеттілік Йеменді жаулап алудың себептерінің бірі еді. Кофенің бір түріне өз атын берген жергілікті Моха порты екі ғасырға жуық уақыт бойы дәндердің бүкіл әлемге таралатын нүктесіне айналды.

Кофе шетелдерге қалай тарады?

Табыс көзін жоғалтпау үшін османдар кофе ағаштарын отырғызу мен өсірудің барлық кезеңдерін, экспортын қатаң бақылап отырды. Арабиядан тыс жерлерге тек қайнатылған немесе қуырылған дәндерді экспорттауға рұқсат етілді. Йеменнен жемістерді сыртқа алып шыққан бірінші адам Үндістаннан келген қажы Баба Будан еді. Ол елдің оңтүстігіне бірнеше кофе жидектерін әкеліп, сол жерде алғашқы плантация өсірді.

Ал Еуропаға кофе алғаш рет соғыстың арқасында келді. Мальтаны қоршау кезінде жергілікті тұрғындар тұтқындағы түріктердің біртүрлі ащы сусын ішетіндерін байқады. Сусынның дәмін татқан еуропалықтар оның әсіріне қатты таңғалды. Бірақ діни қызметкерлер бұл іске араласты.

Діни қызметкерлерді бөтен діндегілердің бұл сусынын христиандарға ішуге бола ма деген сұрақ мазалады. Мәселе ең жоғары деңгейде шешілді. Католиктік діни қызметкерлер сусынға тыйым салуды сұрап, Рим Папасы Клемент VIII-ге жүгінді.

Рим Папасы эфиопиялық монахтар сияқты сусынның әсерін өзі тексеріп, керемет нәтижесіне куә болды. Понтифик кофенің дәміне тәнті болып, одан нағыз христиандық сусын жасау керек, деген жарлық шығарды.

Бастапқыда кофе көптеген басқа да экзотикалық өнімдер секілді байлардың дәрі-дәрмегі ретінде қабылданды. Алайда, 17 ғасырдың екінші жартысында ол өте танымал тауарға айналды. Итальяның Венециясы кофе ісінің орталығы болды. Соның арқасында 1683 жылы бұл жерде алғашқы кафе ашылды.

Көп ұзамай кофе тұтыну мен кафе ашу ісінде көшбасшысы орынға Британия ие болды. Оған дейін аралдың тұрғындары көп мөлшерде сыра ішетін еді. Себебі, ол кезде Британияда сапасы нашар болғандықтан қара су ішу өте қауіпті болды, сондықтан тұрғындар шөлдерін көбінесе алкоголі аз сусындармен басатын. Таңертеңнен бастап сыра ішкен олар түс қайта масайып қалатын еді. Сөйтіп, британиялықтар сыраға қарағанда мас күйге түсірмейтін, бірақ күш-қуат беретін кофені ішіп көргенде, қуана-қуана осы сусынға ауысты.

Бүкіл Англияда кафелер ашылып, олардың көпшілігі университеттер жанында қызмет етті. Осылайша, білімге деген ғасырлық монополия бұзылды. Кез келген мұғалім немесе жай ойшыл кафеге келіп, сол жерден өзіне ризашылық білдіретін аудиториясын таба алды. Сөйтіп, Британияның, кейінірек континенталды Еуропаның кофеханаларында халықтың интеллектуалды тобы қалыптасты.

Осылайша, кофе еуропалық ағартушылықтың қозғалтқыш құралына айналды. Бірақ, бір мәселе сол күйі қала берді. Еуропа әлі де кофе дәндерін алуда Осман империясына тәуелді болды.

Жеті дәннен әлемдік өндірушіге айналды

1690 жылы османдардың монополиясын жойған оқиға орын алды. Голландиялықтар кофе ағашын өсіру үшін Йеменнен жеті дән алып кетті. Олар Амстердамның ботаникалық бағында егілді. Көшеттер шамалы қатайған соң Ява аралына көшірілді. Содан кейін басқа да голландиялық колонияларда плантациялар пайда болды.

Голландиялықтар жақсы табысқа кенелді: 1714 жылы олар француз монархы Людовик XIV-ке екі кофе ағашын сыйға тартты. Олар корольдік бақшаға егілді. Кейін Габриэль-Матье Франсуа де Клиер есімді француз жылыжайдан бір ағаш пен дәнді ұрлап, оларды мұхит арқылы алып өтіп, Мартиникада плантация салды, сөйтіп, Кариб теңізінде кофе өсіруді бастады.

Сол жерден кофе Бразилияға жетті. Ол кезде бұл ел португалиялықтардың колониясы еді. Олар кофе өндірісінің монополиясын біреудің қолына бергісі келмеді, қалай болсын кофе жидектерін тауып, өз плантацияларын салуды көздеді.

Кең тараған нұсқаға сәйкес, бір келбетті шенеунік Мартиника губернаторының әйелін өзіне ғашық етіп, оны кофе дәнін ұрлауға көндірген. Сол уақытта Бразилияда қант құрағы өндірісі азайып бара жатқандықтан, жергілікті егіншілер кофеге қуана ауысты. Бүгінгі таңда әлемдегі кофенің негізгі өндірушісі болып табылатын Бразилияға кофе осындай жолмен жеткен.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: