Жаңалықтар тізбегі
0

Кредитомания – бүгінгі қоғамның жаңа дерті

Кредитомания, бүгінгі қоғамның жаңа дерті, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.07.2023 16:43 Сурет: Zakon.kz
Қазақстандықтардың несиеге белшесінен батуы қаржы талдаушылары мен экономистерді көптен бері толғандырып жүрген мәселе. Бұл ел экономикасына және азаматтардың көңіл-күйіне әсер етеді, қылмыстың өсуіне ықпал жасайды.

Осы орайда адамдарды көбіне несие алуға не итермелейтінін және мұндай үрдіске тосқауыл қою жолдарын анықтап көруге тырыстық.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың нақты табысы аталған жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 4,2%-ға төмендеген. Тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі қарапайым азаматтарды кедейлікке ұшыратады. Ал Бірінші кредиттік бюроның деректеріне сәйкес, биылғы маусым айында жеке тұлғаларға берілген несиелердің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеден асқан. Бұл тарихи максимум болды.

Сондай-ақ берілген тұтынушылық кепілсіз несиелер көлемі 800 млрд теңгеден асқан – бұл елдегі рекордтық көрсеткіш болып отыр. Қазақстанның экономикалық белсенді халқының 77%-ында – 9,2 млн адамның 7,2 миллионында несие бар. Қарыз алушылардың төрттен бір бөлігінде – шамамен 1,8 миллионында ағымдағы қарыздар бойынша 90 немесе одан да көп күн кешіктірілген төлемдері бар. Әр 10 борышкердің төртіншісі – әдетте онлайн несие беретін микроқаржы ұйымдарының клиенттері.

Әлеуметтанушылардың пайымдауынша, микроқаржы ұйымдарының клиенттері арасында негізінен жұмысшы топ өкілдері басым, табысы төмен болғандықтан олар жиі қарыз алады.

Қазақстанның микрокредиттік ұйымдары бүгінде қарыз портфелінің өсуі бойынша банктерді басып озуда: соңғы бес жылда Қазақстан МҚҰ портфеліндегі микрокредиттердің көлемі 6,4 есе өскен. Мәселен, маусым айының соңындағы жағдай бойынша отандық банктерде несие портфелінің жылдық өсімі 27,1% және бес жылдық өсімі 37,2%-ды көрсетті.

Негізінен, адамдар банктер қарыз беруден бас тартқан жағдайда немесе қысқа мерзімде негізгі қажеттіліктерді өтеу үшін соңғы мүмкіндік ретінде микрокредиттік ұйымдарға жүгінеді.

Микрокредиттік ұйымдардың келісімшарттарында жиі айла-тәсілдер жасырылады. Күн сайын үлкен пайыздар қосылады. Төлем кешіктірген жағдайда үстеме мөлшері адам шошырлық сомаға дейін артады. Осылайша, қазақстандықтар оңайлықпен шыға алмайтын қарыз шұңқырына түседі.

Мемлекет бұл саланы реттеуге тырысуда. Мысалы, 2021 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 250 микроқаржы ұйымының қызметін тексерді. Негізгі бұзушылықтардың қатарында микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелердің артуы, сондай-ақ қарыздар бойынша қызмет көрсетілуі үшін комиссия алу жатады.

Қазіргі заманның проблемасы кредитомания деп аталады. Психологтардың пікірінше, қазіргі қоғамдағы адамдардың жаңа тобы – кредитомандар. Бұл жасөспірімдік шақта қалып қойған бейқам адамдар, олар көптеген мақсаттарын бірден жүзеге асырғысы келеді және бұл үшін жауапкершілікті басқа біреуге жүктейді.

Көбінесе адамдар несиені жабу үшін жаңа несие алады, көпшілігі келешекте несиелік рақымшылыққа ілінеміз деп сенеді. Мұндай қарыз алушылардың көбісі нақты қауіп-қатерді жіті түсінбейді, ал олар қылмыстық жауапкершілікке дейін баруы мүмкін.

Экономистер қазақстандықтардың қарызға батуына тиімсіз жоспарлау мен қаржылық сауаттылықтың төмендігі де себеп болып жатқанын айтады. Несиені рәсімдеу кезінде көптеген адамдар өздерінің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін талдамайды. Жұмыстан айырылу немесе күтпеген шығындар туындау мүмкіндігін ескермейді.

Кей адамдар діни сеніміне байланысты несие алуды жөн көрмейді. Мысалы, ислам бойынша мұсылмандар үшін ақшаны пайызбен беру немесе алу күнә деп саналады.

Исламда тек бөліп төлеу шартымен сауда жасауға рұқсат етіледі, мәміле жасасу кезінде бір баға көрсетілуі керек. Ақшаны несиеге, пайызбен алуға және беруге тыйым салынады. Осыған сүйене отырып, пайыздық мөлшерлемесіне қарамастан банктен алынған кез келген несие өсімқорлық мәміле болып саналады. Тек исламдық немесе халал ипотекаға рұқсат етілген, бұл – шариғат нормалары бойынша жылжымайтын мүлікті сатып алуды қаржыландыру.

Христиандар банк жүйесін біршама өзгеше көзқараспен қарастырады. Экономист ғалым, экономика ғылымдарының докторы Сергей Лукин өзінің "Пайыз туралы христиандық нормативтік ілімнің кейбір аспектілері" атты мақаласында былай деп жазған: "Православиелік авторлар өсімқорлыққа жалпы теріс нормативтік баға бере отырып, экономикалық тәжірибеде пайыздарға қатаң тыйым салуға бейім емес еді. Қазіргі католиктік ілімде инвестициялық және тұтынушылық несие арасындағы айырмашылықтарға негізделген пайыздарға неғұрлым либералды көзқарас бар".

Алматы православие діни семинариясы ректорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Артем Соловьевтің пікірінше, қазіргі әлемде банк жүйесі қаржы ағындарын тұрақтандырады және ел экономикасының бір бөлігі болып табылады. Бұл жүйеде жұмыс істейтіндердің жұмысына пайыз беруге болады. Сондай-ақ, банктер әрқашан өздері өтеуге мәжбүр болатын тәуекелдерді арқалайды.

Мамандар қаржы мәселесінде күмәнді ұйымдарға сенбеуге шақырады. Бүгінде тиісті ақпараты жоқ адам қаржылық алаяқтар мен қаржы пирамидаларының желісіне оңай кіріп кете алады.

Жалпы, несие алуды қандай да бір мәселенің оңай шешімі ретінде қарастырмаған жөн.

Банк сарапшылары ескерткендей, несие – бұл қарыз алушының банктік қарыз шартына қол қою арқылы өзіне алатын үлкен жауапкершілігі. Тиісінше, несие алған жағдайда қарыздан керемет жолмен құтылуға үміттенбей, оны өтеуге жауапкершілікпен қарау керек.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: