Жаңалықтар тізбегі
0

Қиын жасөспірімді қалай тәрбиелейміз: Көрнекті педагогтың бес кеңесі

Қиын жасөспірімді қалай тәрбиелейміз: Көрнекті педагогтың бес кеңесі, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.08.2023 12:15 Сурет: pixabay
Қазақстанның түзету мекемелері қиын жасөспірімдермен көбінесе ЮНЕСКО-ның ХХ ғасырдың ең ұлы мұғалімдер тізіміне енген кеңестік педагог Антон Макаренконың әдістемесі бойынша жұмыс істейді.

1920 жылдары оған қараусыз қалған балалар мен жас қылмыскерлерді қайта тәрбиелеуге берген. Антон Семенович балалар колонияларында олардың мінез-құлықтарын түзеп, тіпті, көрнекті тұлғаларға айналдырды.

Макаренконың жүйесі жан-жақтылығымен құнды, оны көшедегі бұзақыларға да, үйдегі балаларға да қолдануға болады. Демек, бала тәрбиесінде белгілі бір қиындықтарға тап болған ата-аналар үшін Макаренконың әдістемесі пайдалы құрал болмақ. Осы орайда, көрнекті педагогтың бес кеңесін назарларыңызға ұсынамыз:

1. Ересек адамның беделі: "Балаларын нашар тәрбиелейтін ата-аналар және жалпы педагогикалық әдептен бейхабар адамдар педагогикалық әңгімелердің мәнін тым асыра түсінеді".

Педагогтың айтуынша, көптеген адамдар тәрбие жұмысын жеңіл дүние ретінде көреді. Баланы өнегелік әңгімелерді, нұсқауларды бірден қабылдап, жан-тәнімен түсінеді деп сенеді. Макаренко ата-аналарды моральдық әңгімелерге шамадан тыс үміт артпауға шақырады. Пікірінше, баланы әңгімелер емес, заттар, құбылыстар, ең алдымен басқа адамдардың мысалдары тәрбиелейді. Олардың ішінде, ата-аналар мен мұғалімдер бірінші орында. Бала солардан үлгі, тәлім алады.

2. Еңбек: Макаренконың негізгі қағидаларының бірі – барлық жасөспірімдердің пайдалы іспен айналысып, ересектер сияқты ақша табуға мүмкіндігі болуы керек.

Маман басында командасы, ұжымы бар шаруашылық жұмыстарға тартылған жаөспірімдердің елеулі дамуын байқаған. Бұрынғы түзеу колониясында Антон Семенович екі кәсіпорын құрды: КСРО-да алғашқы қол электр бұрғылары мен әуесқой камералар өндірісі. Осылайша, Макаренконың "қиын жасөспірімдері" өз қолдарымен озық техника әзірлеп, ақша тапты, нақты мамандық игерді.

3. Ұжымның құрамында болу: "Тек ұжымды тәрбиелеу арқылы ғана ондағы жеке тұлғаның тәртіпті әрі еркін болуын қамтамасыз ететін ұйымдастыру формасын табуға болады".

1920 жылдары ұжымдық тәрбие туралы әңгімелерде дәл сол ұжым мәселесі шетте қалып қойып жатты, деп жазды Макаренко. Белгілі бір адамның теріс қылығы автономды құбылыс ретінде сыналды. Антон Семенович педагогиканы ұжымнан адамға деген мүлдем жаңа логикаға ие болуы керек деп есептеді.

Егер бұл ойды отбасына қолданатын болсақ, онда балалар мен ата-аналар тек бірге тұратын адамдар ғана емес, нақты бөлінген міндеттері мен жауапкершіліктері бар құрылымдалған команда болуы керек. Сонда отбасында өзара түсіністік көбірек, ал жанжал аз болады, балалар мақсатты, жауапты және еңбекке дағдыланған болып өседі.

4. Өзара құрмет: "Егер бала анасына тіл тигізсе, бұл жағдайда ештеңе көмектеспейді. Бұл балаңызды ұзақ уақыт бойы нашар тәрбиелегеніңізді білдіреді".

Антон Макаренко өзінің "Ата-аналарға арналған кітабында" жасөспірімдердің дөрекілік жағдайын әмиянның жоғалуымен салыстырады: ақшасы бар әмиян жоғалған жағдайда не істеу керек? Логикалық жауап – өзіңізге жаңа әмиян сатып алу, жаңадан ақша табу және оны әмиянға салу.

Тәрбиеде де солай: барлық тәрбие жұмысын басынан бастау керек, отбасындағы көп нәрсені қайта қарау және ең алдымен, өз-өзіңізді сүзгіден өткізуіңіз керек.

Ал тәртіпке келетін болсақ, Макаренко оны тәрбие құралы немесе тәрбие әдісі деп емес, нәтижесі деп санайтын. Яғни, дұрыс тәрбиеленген адам тәртіпті ішкі қажеттілігі ретінде көреді.

5. Махаббат: "Ата-ананың махаббатын көрмей тәрбиеленген адамдар – көбінесе жарымжан адамдар".

Макаренко ата-аналардың балаларды сау қоғам мүшелері етіп тәрбиелеуі үшін оларды сүюге міндетті екеніне сенімді болды. Алайда, бұл жағдайда балаға шамадан тыс көңіл бөліп, оны асыра еркелетіп жібермеу керек.

Антон Семенович балаларды өсіріп, жетілдіру маңызды, жауапты және өте қиын іс екенін атап өткен. Бала туылғанда, оған көптеген жылдар бойы "бар ойыңызды, бар назарыңызды және ерік-жігеріңізді толық бересіз".

Антон Макаренконың іс жүзінде жасөспірімдерді тәрбиелеуге байланысты көптеген зерттеулеріне қарамастан, ол үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу мәселесін біржола шешетін нақты формуланы таппады. Педагог барлық жағдайда бірдей пайдалы немесе зиянды болатын әдістер жоқ екеніне сендірді. Дегенмен, Макаренконың тұжырымдамасы әлемдік деңгейде танылды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: