Танымал әлеуметтік желіде жастардың кітапқа әуестігін арттыратын ерекше флешмоб бастады
TikTok желісінде отыратын жастардың көбі жиі қоғам тарапынан сынға ұшырап жататыны жасырын емес. Алайда, жас қазақстандықтар әлеуметтік желіде сүйікті кітаптарына шолу жасап, бейнероликтер түсіріп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Және де олардың контенттері кең танымалдыққа ие болып, қызу пікірталас тудыруда.
Авторлар өз бейнероликтерін топқа шығару үшін неше түрлі амалдар ойлап табады: кейіпкерлерінің образына еніп, ұлттық киімдер киіп, домбыраның сүйемелдеуімен Абай шығармаларын оқиды. Әсіресе, қазақ авторларына қатысты шолулар ерекше танымалдыққа ие болуда.
Кітаптар туралы роликтердің астында аға буын мен жас буын өкілдері арасында әдеби және басқа да шығармалар жайында қызу пікірталас өрбуде.
Бір жағынан, әлеуметтік желі әлемдік бестселлерлер мен романдарға шолулармен толықтырылса, екінші жағынан, қазақ әдебиетінің классикасы туралы көптеген жақсы шығарылымдар пайда болуда. Ең бастысы, тақырыбына заманауи қазақ авторларын арқау еткен бейнероликтер де жетерлік.
Шынында да, қазіргі таңдағы қазақ авторларын көбісі біле бермейді, ал TikTok қолданушылары бұл олқылықты түзеуге атсалысып, отандық әдебиетті сәнге айналдыруға тырысуда.
Мәселен, желі қолданушыларының бірі Ануар Дүйсенбиновтың "Рухани Кенгуру", Зира Наурызбаеваның "Вечное небо казахов" кітаптары туралы әңгімелейді. Сондай-ақ TikTok қолданушыларының көбі Қанат Тасыбековтың "Ситуативный казахский" кітабын атап өтті.
Көптеген блогерлер Ермек Тұрсыновтың кітаптарын, атап айтқанда, "Мәмлүк" романын, Ілияс Есемберлиннің "Көшпенділерін" және басқа да кітаптарды атап өткен.
Негізінен желі қолданушылары Абай, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Шаханов, Сәкен Сейфуллиндерді еске алады. Сондай-ақ аға буын өкілдері жастарға Дулат Исабековтың "Гаухар тас", Мағжан Жұмабаевтың "Батыр баян", Шыңғыс Айтматовтың "Плаха", "Ғасырдан да ұзақ күн", Сәбит Мүсіреповтің "Ботагөз", Исай Калашниковтың "Жестокий век", Хамит Ерғалиев, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын оқуды ұсынады.
Бұдан бөлек, рухани әдебиет те атап өтілген. Белгілі блогер және тележүргізуші Митя Байназаров "Сүлейменнің астарлы әңгімелері", "Псалтер", және "Матайдың Інжілі" атты библиялық кітаптардың бір жыл бұрын қазақ тіліне аударылғанын айтады.
Жалпы, Бүкіләлемдік кітапқұмарлар күні қарсаңында TikTok желісі Қазақстандағы пайдаланушыларды мерекеге қосылуға және #кітапток хэштегі бойынша әдебиет тақырыбына арналған шығармашылық бейнероликтермен бөлісуге шақырды.
Кітаптар туралы бейнероликтер TikTok-та 56 миллионнан астам қаралым жинаған. Жобаның мақсаты – қазақстандықтарды кітап оқуға ынталандыру, өздері мен өзгелер үшін жаңа әдебиеттерді ашу және кітапсүйер қауымды шығармашылық онлайн-қоғамдастық форматында біріктіру.
TikTok қолданушылары өздерінің сүйікті жанрындағы кітаптар туралы контентті көреді: мысалы, #поэзияқазақша хэштегі – 143 миллион қаралым, #заманауиәдебиет – 23 миллион қаралым, #классикалықәдебиет – 40 миллион қаралым жинаған.
Жалпы, Қазақстандағы #кітапток жобасы бүкіл әлем бойынша әдебиетсүйер қауымды біріктірген #BookTok жаһандық мәдени феноменінен шабыт алды. Аталған хэштегпен бейнероликтер TikTok-та 164 миллиардтан астам қаралым жинап үлгерген. Роликтерде әртүрлі елдердің пайдаланушылары оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен, өз ұсыныстарымен бөліседі. #BookTok кітап индустриясына да айтарлықтай әсер етеді: бұл авторларға танымал болуға және кітаптарға бестселлерлер тізіміне енуге мүмкіндік береді.
Жастар TikTok шолуларына сүйеніп, оқуға кітап таңдайды. Бір қуаныштысы, мұндай жобалар жастардың кітапқа деген әуестігін арттырады.