Жаңалықтар тізбегі
0

Балаға ауыр жағдай туралы қалай айту керек-маман пікірі

Балаға ауыр жағдай туралы қалай айту керек, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.10.2023 14:14 Сурет: pixabay
Әлемде түрлі жағдай бар. Жол апаты, табиғат апаты, зорлық-зомбылық, аштық, айырылысу мен жоғалту, ауру мен өлім бар. Осындай жағдайларға балаларды қалай дайындау керек? Ауыр жағдайға тап болған баланың сезіміне қалай әсер ете аламыз? Zakon.kz үңіліп көрді.

Табиғи сезімдер

"Жақын адамы балаға шындықты айтып, өзінде болып жатқан сезімдерін тыңдай білсе, бала өмірлік ауыр жағдайлардан психологиялық және физикалық тұрғыдан сау күйінде шыға алады", - дейді алматылық педагог-психолог Анжелика Логинова.

Маманның сөзінше, ауыр жағдай туралы бала ересек адамнан естуі тиіс.

"Қысқа, нақты сөйлеңіз, баланың сұрақ қоюына мүмкіндік беріңіз. Міндетті түрде ойыңызды айтыңыз, бала жалғыз емес екенін, сізге сенуге болатынын түсінсін", - дейді маман.

ЮНИСЕФ-тің балалар құқығын қорғаушылар ата-аналарды қандай жағдай болса да жасырмауға шақырады. Баланың сұрағына жауап беру барысында оның жасын да ескеру керек. Зорлық, концлагерь сынды кейбір түсініктерді баланың миы қабылдамайды. Баланы неврозға дейін жеткізбес үшін оған қорқынышты мән-жайды бүге-шігесіне дейін айтпау керек. Бала болған жағдай қалыпты емес екенін, бұндай жайт өте сирек болатынын түсінуі тиіс. Өзі қауіпсіздікте екенін, өйткені жанында ересек адамдар бар екенін ұғынғаны жөн.

Өлім де өмірдің бір бөлігі

Көптеген отбасы қиын жағдайға тап болғанда, мысалы, жақыны ауырып, өмірден озып кеткенде дінге жүгінеді. Өйткені діндар адам үшін өлім – осы өмірден кетіп, келесі дүниеге қадам басу. Шексіз өмір туралы, рухтың мәңгілік екені жайындағы әңгімелер, жақын адамымыз әрдайым бізбен бірге екеніне сену адамның жанына тыныштық сыйлайды.

"Рухани тұрғыдан маған "Шрек" мультфильмі өте ұнайды. Бақа патша өлетін кезі бар ғой. Ол ұзақ өледі, кей жерлері тіпті күлкілі. Осы жерде біз Шректі, Фионаны, басқа да кейіпкерлерді аяймыз. Біз патша жоғалып кетпегенін, ол кейіпкерлердің есінде екенін, табиғатта жүргенін көреміз. Басқаша айтқанда, біз өлімнің жоқ екенін көреміз", - дейді протоиерей Евгений Иванов.

Евгений Ивановтың сөзінше, бала кішкентай кезінен бастап өмірде қайғының бар екенін, алайда өмір бітіп қалмайтынын түсініп өсуі керек.

"Қазір көбі балаға өлім туралы айтпайды. Иә, өлім – жақсы емес, ауыр жағдай, қайғырасың, жылайсың. Алайда бұл да өмірдің бір бөлігі. Баладан өлімді жасырғанда, кейін өсе келе бәрібір ажалмен бетпе-бет келгенде ол күйзеліске түсіп кетеді. Баланың жүйкесі өте икемді, қайғының өзі шектен шықпағанда иммунитет қалыптасады. Сондықтан баланы дайындау керек. Хомяк қашып кетті емес, хомяк өліп қалды деу керек. Алайда ересектер әрдайым болып жатқан оқиға өте жаман екенін түсіндіргені жөн", - дейді ол.

Мұсылман дінінде қайғылы оқиға болсын, қуанышты жайт болсын, бәрі Алланың қалауымен деген түсінік қалыптасқан.

Алматыдағы "Вайнах" мешітінің ұстазы Нұрмұхаммед Иминов да осыны айтады.

"Баланың қайғыруы да Жаратқанның даналығы. Егер ауру болмаса, денсаулықты бағаламайтын едік. Аштық болмаса, тағамның құндылығын түсінбейтін едік. Қайғы, мұң болмаса, әлемнің құнын, тыныштық пен қауіпсіздікті білмес еді", - дейді ол.

Қалыпты өмірге оралту

Балаға жүйкесін қорғайтын шынайы механизмдерді үйрету керек. Анжелика Логинованың сөзінше, балада адекватты психологиялық қорған қалыптаспаған. Оларға қорқыныштары туралы айтуды үйрету керек. Бала өз сезімін толық білдіре алмайды, болып жатқан жайтты сөзбен жеткізе білмейді.


"Қорқынышты жайттан кейін балаға көмектесу үшін ол өзін қауіпсіз сезінетіндей жағдай қалыптастыру керек. Мүмкіндігінше күнделікті өмір ырғағын жасауға тырысыңыз. Хаос пен өзгеріс ортасында күнделікті тірлік баланы сергітеді, өмір қайтадан өз қалпына түскенін ұғындырады. Баланың күнде бір уақытта тамақ ішіп, бір уақытта ұйықтауын қадағалаңыз. Кішкентай баладан жасөспірімге дейін жанасуды қажетсінеді. Құшақтасып отыру, қатты құшақтау, арқасынан сипау балаға өте керек. Баланың өмірден рахат алуына көмектесіңіз. Белсенді болғанын, басқа балалармен ойнаған сәтін мақтаңыз. Сергіген бала өз қалпына тез түседі", - дейді маман.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: