Қазақстанда қазақ тілін дамытуға арналған алғашқы эндаумент қоры құрылды
Қазақ тілін қолдауға арналған эндаумент қоры Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының бастамасымен құрылды. Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы 12 қазан күні "Қазақ тілі" қоғамының басшысымен кездесуінде мемлекеттік тілді қолдау үшін арнайы эндаумент қорын құру бастамасын қолдаған еді.
Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс "Қазақ тілі" қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады. Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған.
Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүние жүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Қазақстанда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп келеді.
Эндаумент қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.
Мемлекет басшысы "Қазақ тілі" қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды.