Елімізде жеке психологтардың қызметі қалай реттеледі
Сондай-ақ оның мәжіліс депутаты Айна Мүсірәлімоваға берген жауабына сүйенсек, елімізде психологтар жеткілікті, ал олардың қызметін өздері жұмыс істейтін әрбір мемлекеттік орган өз бетінше реттейді.
Жеке психологтарға және өздерін солай атайтындарға келер болсақ, олардың қызметі мемлекетке аса маңызды емес сияқты. Қалай болғанда да, премьер-министр орынбасарының жауабында олар туралы айтылған жоқ.
Еске сала кетейік, желтоқсан айының соңында мәжіліс депутаты Айна Мүсірәлімова үкіметке Қазақстанда тиісті заңнаманың көмегімен мемлекет тарапынан реттелетін халыққа психологиялық көмектің нақты жүйесін құру туралы ұсыныспен жүгінді. Оның айтуынша, заңнамалық-құқықтық реттеудің болмауы себепті бүгінгі таңда кез келген адам халықтың санасымен жұмыс істей береді.
"Сондықтан азаматтар жалған психологтар мен дүмшелердің "көмегі" мен "қызметтерінен" қорғалмайды. Бұл менталдық (психикалық) жағымсыздыққа айналуы мүмкін психологиялық күйзелістің өсуіне алып келеді, нәтижесінде халықтың экономикалық өнімділігі төмендейді", – деді депутат.
Оның айтуынша, 2021 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, 18 жастан асқан Қазақстанның 12 млн-ға жуық халқының 600 мыңы психологтар көмегіне жүгінген, ал 4 млн-ға жуығы жүгінуге дайын, 3 млн-ы қажеттілік туған жағдайда бірден жүгінеді, ал 1 млн-ы көмекке қарсы емес, бірақ ұялады. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (48,5%) психологтың қызметі тұрғылықты жер бойынша қолжетімді болу керектігін алға тартты.
Әрине, Қазақстанда психологиялық және психология төңірегіндегі қызметтердің жетіспеушілігі байқалмайды. Көбісі мұндай көмек түрлеріне таролог, чакролог, кармолог және басқа да нумерологтарды жатқызады. Алайда, мұндай көмектің нәтижесі үшін ешкім жауапкершілік арқаламайды.
Осы орайда, депутат психологиялық қызмет туралы заңды, психологтың этикалық кодексін қабылдауды, жалпы елдегі психологиялық қызметті үйлестіру мен бақылауды қамтамасыз ететін уәкілетті органды анықтауды және ведомствоаралық үйлестіру кеңесін құруды ұсынды.
Бірнеше аптадан кейін вице-премьер Тамара Дүйсеновадан депутаттың ұсыныстарына жауап келді. Оның айтуынша, еліміздің 38 жоғары оқу орны "Педагогика және психология", "Психология" мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды. Демек, елде психологтардың жетіспеушілігі болмауы тиіс. Бірақ, депутат 2022-2023 жылдары 6 мыңнан астам бакалаврдың ішінде психолог мамандығын тек 12 адам оқығанына назар аударған.
Бәрінде бірдей болмаса да, мемлекеттік органдарда психологиялық көмек қызметі бар: білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары жүйелерінде, төтенше жағдайлар қызметінде және басқа да салаларда.
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, бұл қызметтердің функционалы мен құзыреті органның ерекшелігіне байланысты айтарлықтай ерекшеленеді. Айта кетейік, мемлекет бекіткен психологиялық қызметтің жалғыз ережелері орта білім беру жүйесінде бар. Бұл мектеп психологтары мен олардың құзыреттеріне қатысты. Сондай-ақ, министрлік оқушылардың аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу бойынша бірыңғай бағдарлама қабылдады, онда суицидтік тәуекелдерге бейім балаларды анықтау кезінде психологиялық қызмет жұмысының алгоритмі бар.
Сонымен қатар, Дүйсенованың айтуынша, барлық өңірлерде білім басқармалары жанында сall-орталықтар жұмыс істейді, Balaqorgaubot2.0 чат-боты, Balaqorgau https://bala.gov.kz веб-сайты ашықтық және анонимдік шарттарында бір арналы байланыс режимінде шұғыл психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша жұмыс істейді.
Сондай-ақ тәулік бойы еліміздің кез келген бұрышынан тегін психологиялық көмек алуға болатын "150" сенім телефоны бар. Бірақ, мұндай сайттар, чатботтар және сенім телефондары ұзақ мерзімді психотерапияға емес, "төтенше" жағдайды шешуге бағытталғаны анық.
Тамара Дүйсенова психологтардың жастар денсаулық орталықтарында, емханаларда, стационарларда жұмыс істейтінін де атап өтті. Бірақ, олар тек психикалық ауытқулары, мінез-құлық бұзылыстары, онкологиялық аурулары бар, АИТВ жұқтырған, жүкті, босанған және т.б. адамдармен ғана жұмыс істейді. Алайда, көпшілікті құрайтын ақыл-есі сау адамдарға да психологиялық көмек қажет.
Жалпы, мемлекет психологиялық және психотерапиялық көмек мәселелерінде тек балаларға, жасөспірімдерге және төтенше жағдайда азаматтарға назар аударатын көрінеді. Мемлекеттік органдар тиісті жағдайларда жоғары бейінді білімі бар психологтарды ұсына алады. Ал басқа жеке жағдайларда қазақстандықтар өздері үшін маман таңдауда әлеуметтік желілердегі парақшаларды, пікірлерді, қандай да бір жеке себептер мен артықшылықтарды басшылыққа алуы керек.
Мәселен, көрші Ресейде де психологиялық көмек туралы заң жоқ. Ондай заңды бірнеше жыл бойы әзірлеуге тырысқанымен, бұл іс өте баяу қозғалуда. Себебі, ол жақта психологиялық қызметтер әлеуметтік қызметке жатқызылған және арнайы заңмен реттеледі. Алайда, "кәсіби емес" психологиялық қызметтер көрсетуге тыйым жоқ.
Еуропалық одақта психологиялық көмекке байланысты жағдай әртүрлі. Мысалы, психотерапиямен айналысу мемлекеттік деңгейде реттелетін елдер бар: Австрия, Венгрия, Германия, Италия, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Мальта, Нидерланды, Румыния, Финляндия, Франция, Швеция. Сондай-ақ реттеуді кәсіби қоғамдық ұйымдар жүзеге асыратын елдер де бар: Бельгия, Греция, Ирландия, Норвегия, Испания, Польша, Чехия, Словакия, Словения және Болгария.
Қазақстанда да психологтарды түрлі критерийлер бойынша біріктіретін кәсіби үкіметтік емес ұйымдар бар. Мысалы, "Қазақстан психологтарының одағы" ЗТБ және Қазақстан психологтарының қауымдастығы бар. Соңғысының веб-сайтында сіз мамандарды көріп, олардың қандай да бір кәсіби іріктеуден өткенін түсіне аласыз.
Тамара Дүйсенова депутаттық сауалға жауабында Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Астана мен Алматыда өңірлік психологиялық қолдау орталықтары мен бөлімдері құрылғанын атап өтті. Алайда, оларды интернеттен табу өте қиын. Іздеу жүйелеріне жазсаңыз, жеке орталықтардың мыңдаған сілтемелері шыға келеді. Ал мемлекеттік орталықты қалай табуға болатыны түсініксіз.
Қалған өңірлерде мұндай орталықтар 2024 жылдың соңына дейін ашылады.