Жаңалықтар тізбегі
0

Адамдар клиникалық өлім жағдайында не көреді

Адамдар клиникалық өлім жағдайында не көреді?, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.02.2024 13:48 Сурет: pixabay
Клиникалық өлімді бастан кешкен адамдардың ес-түссіз жатқанда не көретіні және о дүниенің бар екендігі туралы әртүрлі пікірлер бар. Кейбіреулер мұны физиология тұрғысынан қарастырып, клиникалық өлім сәтінде адамның миы түрлі көріністер тудырады деп санайды.

Басқалары бұл құбылыстың екі әлем арасындағы шекаралық жағдай екеніне сенімді.

Америкалық философ, дәрігер және өлімнен кейінгі өмірдің барын алға тартатын зерттеушілердің бірі Рэймонд Моудидің жинаған мәліметтеріне сәйкес, клиникалық өлімнен аман қалғандардың 15-тен 35 пайызға дейіні ес-түссіз жатқан кездерінде ерекше көріністерді көрген: тоннельден өту, аспанда қалықтау, түрлі дауыстарды есту, өткен өмірінің сәттерін көру және т. б.

"Клиникалық өлім – бұл тыныс алудың және жүрек соғуының уақытша тоқтауымен сипатталатын өлімнің қайтымды кезеңі. Бұл жағдай көбінесе мистикалық құбылыс ретінде қабылданады, бірақ, қазіргі заманғы зерттеулер адамның клиникалық өлім кезінде бастан өткеретін жағдайына ғылыми түсініктеме береді", – дейді Алматы қалалық перинаталдық орталығының психологы Гүлнар Досжанова.

Медициналық статистикаға сәйкес, клиникалық өлімді бастан кешкен адамдардың тек 10 пайызы ғана сол кезде не көріп, не сезгендерін анық еске түсіре алған. Дәрігерлер қалған "естеліктерді" дәйексіз деп есептеп, оларды пациенттердің патологиялық қабылдау қабілетімен негіздейді.

"Психиатрларда патологиялық қабылдау қабілеті ұғымы бар, бұл тұрақсыз психикасы бар науқастың (психоз алдындағы жағдай, психикалық сарқылу және т.б.) дәрігердің айтқанын бұлжытпай көріп, естуі. Бұл толығымен клиникалық өлімді бастан кешкен және реанимациядан кейінгі аурумен ауырған науқастар тобына қатысты", – дейді психолог.

Әлия есімді келіншек ұзақ уақыт бойы клиникалық өлім жағдайында болды. Есін жиған соң туыстарына ерекше жеңілдік пен тыныштық күйін сезінгенін айтып берді. Басында ол өз денесін сырттан көрген. Кейін қараңғы туннелді және оның соңында ашық түсті, тартымды жарықты көрген.

"Егер адам ұзақ уақыт ес-түссіз жатса, онда ол жарқын бейнелерді көруі мүмкін. Нейрофизиологтар мұны мидың уыстан сырғып бара жатқан өмірге ілінуінің соңғы әрекеті деп санайды. Әдетте, клиникалық өлімнен аман қалған адамдар шамамен бірдей көріністер туралы айтады", – дейді Досжанова.

Әлия туннельден ұшып шығып, планетаны жоғарыдан, ғарыштан көргендей болған. Ол өзін мүлдем басқаша, саналы сезінген. Бүкіл әлемнің қарбаласқан тіршілік екенін және денесіне оралғысы келмейтінін сезді. Сосын "саған әлі ерте" деп айтқан әлдебір дауысты естіп, оянып кеткен.

"Менің тәжірибемде клиникалық өлімге ұшыраған екі науқас болды, бірақ олар ешқандай туннельдерді, жарықтарды көрмеген. Олардың айтуынша, бұл наркоздың әсерімен болған қатты ұйқы іспеттес", – дейді психолог.

Мамандардың пікірінше, клиникалық өлім кезіндегі көріністер адам ағзасымен жүретін физикалық процестермен байланысты. Жүрек тоқтап қалады, қан мүшелер арқылы таралмай, оларға оттегі бармайды. Егер жүрек уақытында іске қосылмаса, мида қайтарымсыз өзгерістер болады, бұл нақты биологиялық өлімге әкеледі.

"Өмірден өлімге сапалы өту – бұл организмнің функциялары мен жүйелерінің біртіндеп, табиғи бұзылуы, бұл аталған функциялардың өшуімен аяқталады. Дәл осы жағдайлар – функциялардың біртіндеп, жүйелі тоқтауы – өмірді қалпына келтіру мақсатында араласуға уақыт пен мүмкіндік береді", – дейді Алматының 6-шы емханасының жалпы практика дәрігері Бейбіт Пайзулла.

Клиникалық өлім кезінде тыныс алу, қан айналымы және рефлекстер болмайды, бірақ жасушалық метаболизм анаэробты түрде жалғасады. Бірақ бірте-бірте мидағы энергия қоры таусылып, жүйке тіндері өледі.

"Мидың өлімі оның барлық функцияларының қайтарымсыз тоқтауын білдіреді. Негізгі диагностикалық белгілер: ми жартышары белсенділігінің, ми рефлекстерінің болмауы. Электроэнцефалография кезіндегі үнсіздік, жасанды тітіркену кезінде де нейрондық белсенділіктің болмауы. Сондай-ақ ми өлімінің белгісі – бас сүйек ішіндегі қан айналымы белгілерінің болмауы", – деп толықтырды маман.

Осылайша, клиникалық өлімнен аман қалғандардың көрген көріністерінде мистикалық және көріпкелдік ештеңе жоқ. Қан айналымының тоқтауы мидың оттегіден ашығуына және көмірқышқыл газының жиналуына әкеледі. Нәтижесінде адамның санасы шатасады. Мұндай тәжірибе туралы клиникалық өлімнен аман қалғандардың шамамен 17%-ы мәлімдейді.

"Мидың оң жартышарының зақымдануы ұшу сезімі мен жеңілдік әкелуі мүмкін. Пациенттердің өздерін денелерінің үстінде, ауада тұрғанай көруі туралы әңгімелері де осыдан шығады. Рухтармен кездесу және жарық дақтарын көру сезімін сол жақ жартышарының зақымдалуымен түсіндіруге болады. Ал әйгілі туннель – желке қыртысының зақымдануының салдары", – деп түсіндіреді дәрігер.

Клиникалық өлімнен аман қалғандардың көрген көріністері шынайы ма және өлімнен кейін өмір бар ма деген сұраққа ғалымдар да нақты жауап бере алмайды. Мәселен, космолог, Калифорния технологиялық институтының профессоры Шон Кэрроллдың айтуынша, мұның бәрі физика заңдарына қайшы келеді.

Оның айтуынша, о дүние туралы теория адам санасын денеден бөлуге болады деген алғышартқа негізделген. Сонымен қатар, ресми ғылым ақыл-ойды денеден тыс болуы мүмкін жан емес, атомдар мен электрондардың белсенділігінің нәтижесі ретінде түсінеді.

Алайда, кванттық сынақтар адамдарды тексеру кезінде "рух" бөлшектерін анықтамайды. Ал өлгеннен кейін ақпараттың мида сақталу мүмкіндігіне физика тұрғысынан ешқандай негіз жоқ.

Нейрохирург Эбен Александрдың пікірі бұл болжамға қайшы. Бактериялық менингитке байланысты ол комаға түсіп, жеті күн бойы ес-түссіз жатқан. Оның ойлар мен эмоцияларға жауап беретін ми қыртысы жұмыс істемеген. Оянған соң Эбен о дүниеге, нақты айтқанда, жұмаққа барғанын айтты.

Онда ол жанына қуаныш сыйлаған музыканы естіп, әртүрлі жаратылыстар мен періштелерді көргенін жеткізді. Айтуынша, бұл оқиға оған қатты әсер еткен. Ол адамның жеке басы дене мен мидан гөрі ауқымды екеніне көз жеткізді. Сондай-ақ бұл жайт оның Құдайға деген сенімін нығайтты.

Өлімнен кейінгі өмірдің бар-жоғы, клиникалық өлімнен аман қалғандардың көрген көріністері туралы түрлі пікірлер айтылады. Алайда, өмір мен өлімнің арасында қалып, жарық дүниеге оралу бақытына ие болған адамдардың өмірді бағалай бастайтыны және көпшілігі Жаратушыға бет бұратыны сөзсіз.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: