Жаңалықтар тізбегі
0

Кедейлікпен күресу – әр азаматтың міндеті

Кедейлікпен күресу – әр азаматтың міндеті, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.03.2024 12:01 Сурет: Zakon.kz
Бүгінде әлемдегі экономистер мен әлеуметтанушылар кедейлікті жоюдың жолдарын іздеуде. Алайда, қоғам арасында бұл құбылысқа деген жағымсыз көзқарастың таралуы алаңдатады.

Өкінішке орай, соңғы уақытта көпшілік кедейлерге көмектесуді жөн көрмейді. Бұған адамдардың әлеуметтік желілердегі жарияланымдары мен көңіл-күйі дәлел бола алады. Мәселен, кедейлерге көмектесудің дұрыс еместігі туралы жазбалар пайда болуда. Көбісі оларды біреудің есебінен күн көруге бейімделген деп айыптайды.

Әзірге елімізде қоғамның кедейлік туралы көзқарасын бағалайтын нақты зерттеулер жоқ. Мәселен, көршілес Ресейдің ғылым академиясы әлеуметтану институтының "елдегі кедейлік пен теңсіздік" тақырыбында жүргізген зерттеуі қоғамның кедейлерге деген көзқарасы нашарлай бастағанын көрсетті.

Мұндай көзқарастың бірнеше себебі бар. Біріншіден, соңғы кездері кедейлікке қоғамның әлеуметтік құрылымы емес, кедейлердің өздері кінәлі деген түсінік басымдыққа ие бола бастады. Жалпы, кедейлік қайдан пайда болады? Одан зардап шегетіндер үш негізгі себепті алға тартады – ұзақ мерзімді жұмыссыздық, әлеуметтік қамсыздандыру бойынша мемлекеттік төлемдердің жеткіліксіздігі, отбасындағы бақытсыздық. Ал қоғамның пікірі басқаша. Олар кедейлікті маскүнемдікпен, нашақорлықпен және басқа да бейәлеуметтік мінез-құлықпен байланыстырады. Бұл көзқарас қоғамда басымдыққа ие болып, кедейлерге деген жанашырлық азаяды.

Ғылыми тұрғыда кедейлік үш түрге бөлінеді:

Абсолютті кедейлік – бұл адамның ұзақ уақыт бойы өзінің ең төменгі қажеттіліктерін өтеуге қажетті ең төменгі табысы болмаған жағдай.

Салыстырмалы кедейлік – адамның жеткілікті тамағы, киім-кешегі, баспанасы болғанымен, қоғамда норма ретінде қабылданған әлеуметтік тұрмыс түрлеріне қатыса алмайтын жағдайы.

Сондай-ақ, екінші дәрежелі кедейлік деген бар. Бұл адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті табысы бола тұра, оны құмар ойындар, темекі, алкоголь және есірткіге тәуелділік сияқты басқа нәрселерге жұмсауы.

Кедейлікті жоюға қалай көмектесе аламыз?

Жалпы, қоғамда кедейлікпен күресу үшін әр адам өз үлесін қоса алады. Көп жағдайда мұқтаж жанарға көмектесетін қайырымдылық ұйымдарға адамдардың қолдауы, қатысуы жетпей жатады.

Мәселен, өз қалаңызда, ауданыңызда қандай ресурстар бар екенін және қандай ресурстар қажет екенін біліңіз. Бұл жұмысты орындайтын жергілікті ұйымдар бар, олар сіздің ерікті көмегіңізге мұқтаж болуы мүмкін.

Кедейлікті жоюға көмектесудің ең жақсы тәсілдерінің бірі – мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізу жолдарын құру және қолдау.

Сондай-ақ, баспана, азық-түлік, дәрі-дәрмек, аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке жинау секілді мәселелермен айналысатын көптеген қайырымдылық ұйымдар бар. Осындай ұйымдарға, топтарға қайырымдылық көмек көрсету арқылы олардың қажырлы еңбегін қолдауға болады.

Одан бөлек, ерікті болуға мүмкіндік бар. Қаржылай көмектен бөлек, сіздің уақытыңыз да маңызды болуы мүмкін. Мысалы, өз ауданыңыздағы үйсіздерді тамақтандыру, өрттен зардап шеккендерге үй салуға көмектесу және т.б. көптеген іспен айналысуға болады.

Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар петицияларға қол қоюға шақырады. Мыңдаған адамдар мен ұйымдар мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған петициялар арқылы нақты оң өзгерістер енгізуде. Өзекті проблемаларды үкіметке, әлемдік көшбасшыларға және ірі корпорацияларға естірту үшін оларға сіздің қолтаңбаңыз қажет.

Жалпы, жақсылық жасау және көмектесу адам көңіліне сүйіспеншілік пен мейірім ұялататын көркем қасиеті.

Барлық дәстүрлі діндерде мұқтаж жандарға көмектесу мәселесі ерекше маңызға ие.

Асыл дінімізде басқаларға жақсылық жасау мен мұқтаждарға көмектесу иманның бір көрінісі. Исламда ең құнды амалдардың бірі – мұсылманның қарызын төлеу, қарнын тойдыру немесе бір мұқтаждығына көмектесу арқылы оны қуанту. Бауырының қиыншылығын кетірген адамның қияметте Алла Тағала қиыншылығын кетіреді.

"Ниса" сүресінің 36-аяты:

"Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді".

Ислам және басқа діндерде жақсылық жасаудың бірнеше жолдары бар. Жақсылық жасау және мұқтаж адамдарға көмектесу үшін бай болу шарт емес. Мұқтажға ақша беру секілді, адасқанға жол сілтеу де жақсылық болып саналады.

Яһудиердің қасиетті кітабы Тауратта әр жеке адам шамасы жеткенше садақа жасауға ерекше көңіл бөледі. Яһуди ғалымдарының пікірінше, бұл үкім бай немесе кедей болсын, барлық адамға бірдей. Барлық адам шамасы жеткенше басқаларға көмектесуі тиіс.

Христиандардың қасиетті кітабы Інжілде де жақсылық пен көмектесу тақырыбына көп тоқталған. Иса пайғамбар мәңгілік бақытқа қол жеткізу үшін жақсы істер істеуді және мұқтаж адамдарға көмектесуді, жақсылықты қайтарымын күтпей жасауды бұйырған.

Үнді діндерінде жақсылық жасау және көмектесу пенденің мәңгілік бақытқа қол жеткізу жолы деп көрсетілген. Буддизмнің негізін қалаушы Будда адамға мәңгілік бақытқа қол жеткізу үшін басқаларға зиян келтірмеудің жеткіліксіздігін, сонымен бірге жақсылық жасау қажеттілігін алға тартқан.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: