"Өзің жар бола көр!". Бас мүфти су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге көппен бірге дұға жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бас мүфти қазақ даласынан шыққан ғұлама-ғалымдар, ахун-ишандар, әулиелер, алаш қайраткерлері мен ел үшін еңбек еткен күллі бабалар рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.
Сурет: ҚМДБ
"Уа, Алла Тағала! Осы оқылған қасиетті Құран аяттарының нұрымен халқымызды, елімізді, жерімізді нұрға бөлей гөр. Халқымызды табиғи апаттардан, зілзаладан, топан судан, өрттен, кеселден, түрлі індеттерден аман сақтай гөр! Алматы қаласын, бүкіл қазақ даласын жер сілкінісінен сақтай гөр. Жер бетін бүлік пен апаттан аман еткейсің. Уа, Алла! Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстарында тасқын судан жапа шеккен жерлестерімізге Өзің жар болғайсың. Олардың басына келген сынақтың соңын қайырлы ете гөр. Жерімізді тасқын судан сақтай гөр" деп дұға етті Бас мүфти.
Айта кетсек, 30 наурызда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан қалыптасқан жағдаймен танысты. Жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы су басқан аумақтар әуеден бақыланып, сондай-ақ Орал қаласындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан ахуал зерделенді.
30 наурызда Ақтөбе облысында тік ұшақ қона алмаған ауылдың адамдары эвакуациялана бастады.