Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң: қазақстандықтар жаппай ата-ана құқығынан айырыла бастайды ма
![Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң: қазақстандықтар жаппай ата-ана құқығынан айырыла бастайды ма?, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.04.2024 12:14](https://kaz.zakon.kz/pbi/WEBP/2024-04-11/file-3f0f3a25-ca28-476c-a3dd-92cb4100f439/400x225.webp)
Сенат депутаттары әйелдер құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес қазақстандықтар жаппай ата-ана құқығынан айырыла бастайтынына алаңдаулы. Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Игорь Лепеха сенаторлардың сауалына жауап берді.
Депутат Дархан Қыдырәлінің айтуынша, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің нормалары бойынша баланың, жұбайының немесе отбасы мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жағдайда ата-ана құқықтарынан айырылады.
"Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енді заңмен қалпына келтірілуде. Бұл ата-ана құқығынан автоматты түрде айыруға әкеп соғады ма?" – деп сұрады депутат.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл жағдайда сот барлық мән-жайлардың жиынтығын қарастырып жатқанын атап өтті.
"Егер бастама болса, бұл мәселені алдымен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы қарайды.Содан кейін сот барлық мән-жайлардың жиынтығын, ең алдымен, ата-ананың жеке басын қарастырады. Сондықтан бұл ата-ана құқығынан айырылғандар санының көбеюіне немесе азаюына ешқандай әсер етпейді деп ойлаймын", - деп жауап берді Игорь Лепеха.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сондай-ақ қолданыстағы "Неке және отбасы туралы" заңда ата-ана құқығынан, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін де айыру нормасы қарастырылғанын айтты.
"Біз ата-ана құқығынан жаппай айыруды көріп тұрған жоқпыз, бұл біздің тарихымызда болған емес. Тиісінше, ешқандай себеп жоқ. Бұл менің жеке пікірім, бұл заң алдағы уақытта ата-ана құқығынан жаппай айыруға әкелмейді деп ойлаймын. Заң ата-ана құқығынан айыруға бағытталған емес, ол әйелдерді қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған", - деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев.
Бұған дейін сенат депутаттары әйелдер құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заңды екі оқылымда мақұлдаған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript