Қазақстанда энергиямен жабдықтаудағы жасанды тізбектерді жоюға кірісті
Ақпаратқа сүйенсек, Үкімет энергиямен жабдықтау нарығында тәртіп орнатуға кірісті.
Басты мақсат – тұтынушылар үшін электр энергиясының түпкілікті құнын негізсіз көтеретін делдалдарды алып тастау.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша биылғы 1 сәуірден бастап нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан және бизнес пен бірқатар бюджеттік ұйымдар үшін тарифтердің мөлшерін дербес белгілей алатын реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысы тоқтатылды.
"Бұл ретте талдау көрсеткендей, мұндай компаниялардың табыстылығы 1 кВтсағ үшін шамамен 30-50% немесе 5-20 теңгені құраған. Реттелмейтін ЭЖҰ-дан түскен пайда энергетикалық жүйені жаңғыртуға пайдаланылмады.",- делінген хабарламада.
ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданған "Жылу энергетикасы туралы" жаңа заң аясында өнімсіз делдалдарды жою жұмыстары жалғасатын болады. Электрмен жабдықтау нарығындағы қазіргі проблемаларды шешу үшін ҚР Үкіметі бірінші кезеңде реттелмейтін ЭЖҰ қызметін шектеу туралы шешім қабылдады.
"Екінші кезеңде электрмен жабдықтау саласын өңірлік электр желілері компанияларына беру қарастырылады.",- деп толықтырды.
Бұл электр энергиясының тарифіне жағымды әсер етеді, сонымен қатар келесідей оң әсерлерге әкеледі:
- заңды тұлғалар үшін тарифтерді төмендету, тиісінше, бизнеске жүктемені азайту, бұл халық үшін түпкілікті өнім бағасының тең шарттары мен төмендеуін қамтамасыз етеді;
- бюджет қаражатын үнемдеуге алып келетін және үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттауға мүмкіндік беретін бюджеттік ұйымдар үшін тарифті төмендету;
- соңғы тұтынушылар үшін тарифке ең аз әсер ете отырып, энергетика секторына инвестицияларды ұлғайту.
Сонымен қатар, осындай жұмыстар өнімсіз делдалдар кесірінен бағаның негізсіз көтерілуі байқалатын өзге де салаларда жүргізілетін болады.