Жалпыға бірдей декларациялау бойынша не білуіміз керек
Жалпыға бірдей декларациялау не үшін қажет?
Біз бәріміз экономикасы дамыған және өркениетті, салық әділ салынатын, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикасыз мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Бұл мақсаттарға жету үшін бізге жалпыға бірдей декларациялау қажет.
Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеттері:
- әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
- жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді механизмін құру;
- сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
2024 жылдан бастап қандай өзгерістер күшіне енді?
Декларацияны толтыруды жеңілдету үшін келесі өзгерістер енгізілді.
Кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) оңайлатылды, атап айтқанда ондағы мәліметтердің тізімі қысқартылды:
- төлем көзінен салық салынатын табыстарды (жалақы, дивидендтер және банк салымдары бойынша сыйақылар, зейнетақы төлемдері және т.б.) көрсету қажеттілігі алынып тасталды;
- мемлекеттiк қызметшiлер мен оларға теңестiрiлген азаматтарды қоспағанда, жеке тұлғалардың мүлiктi сатып алуға жұмсаған қаражат көздерiн жария ету мiндетi алынып тасталды (мысалы, пәтер сатып алу кезiнде сатып алу көздерiн көрсету қажет емес);
- декларация ұсынудың біріңғай мерзімі - 15 қыркүйектен кешіктірмей деп белгіленді (бұрын қағаз жүзінде декларация тапсырған жағдайды 15 шілдеден кешіктірмей тапсыру керек болатын).
Қазіргі уақытта резидент емес жеке тұлғаларды декларанттар тізімінен 2023 жылғы 1 қаңтарынан бастап алып тастау бойынша түзетулер қарастырылуда.
Сондай-ақ, 2024 жылы коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде діни бірлестіктердің мүшелерін, пәтер иелері кооперативтерінің, қоғамдық бірлестіктер мен акционерлерді декларациялаудан босату мәселесі қаралуда. Бұл тұлғалар декларацияны 2025 жылы ұсынады.
Өзге мүлік: қалай дұрыс бағалауға және декларациялауға болады?
Жеке тұлғалардың өз қалауы бойынша декларацияда басқа да мүлікті (мысалы, қымбат бағалы зергерлік бұйымдарды, мәдени құндылықтарды, асыл тұқымды жануарларды және т.б.) көрсетуге құқығы бар.
Декларацияны толтырар алдында тиісті растайтын құжаттарды дайындау қажет: 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша мүліктің бір данасының құны 1000 АЕК-тен (3,5 млн. теңге) асқан жағдайда, оны тәуелсіз бағалаушымен бағалау қажет. Бұл ретте бағалау декларацияны тапсырғанға дейінгі кез келген күні, яғни 15 қыркүйекке дейін жүргізілуі керек. Сіз оны кез-келген бағалаушы компаниясында бағалата аласыз.
Егер сізде дебиторлық немесе кредиторлық берешек болса, келісімшартты нотариалды куәландыру қажет пе?
Иә, міндетті. Егер сізде 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша дебиторлық немесе кредиторлық берешек болса. Декларацияны тапсырар алдында қарыз алу шарттарын нотариустарда растау қажет (Салық кодексінің 631-бабының 2-тармағы сәйкес). Шарттарды куәландыру тәртібі "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-тарауымен реттеледі, нотариаттық іс-әрекеттер жасау мерзімдері 40-шы бапта айқындалады.
Бастапқы декларацияны тапсырғанға дейін (2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін) нотариалды куәландыру қажет.
Декларацияда банктік қарыз шарттары көрсетілмейді.
Маңызды! Қарыздар мен міндеттемелерді көрсетуге тек бастапқы декларацияда мүмкіндік беріледі және бұл жағдайда қосымша декларация тапсыру көзделмеген (Салық кодексінің 211 – бабының 5 тармағының 7 – тармақшасына сәйкес).
Менің жұбайым мемлекеттік қызметкер, ал мен жеке кәсіпкермін. Мен 2021 жылы бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшінің жұбайы ретінде "кіру" декларациясын тапсырдым. Биылғы жылы жеке кәсіпкер ретінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қайтадан тапсыруым керек пе?
Жоқ, керек емес. Енді Сіз жыл сайын табыс пен мүлік туралы 270.00 нысанды декларацияны тапсыруыңыз керек. Салық кодексінің 630-бабының 4-тармағына сәйкес "ҚР сайлау туралы" ҚР Конституциялық заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "ҚР банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай міндеттері жүктелген тұлғалардың ұсынуын қоспағанда, активтер мен міндеттемелер туралы декларация бір рет табыс етіледі.