Кортеж, мейрамхана деген болмайды! Министрлік соңғы қоңырау шарасына қатысты түсінік берді
Журналистер соңғы қоңырауды өткізудің жаңа форматын сөз ете келіп, адамдардың білдіріп жатқан наразылығын атап өтті. Көпшілік Ұлы Отан соғысы жылдарында да күшін жоймаған мектеп қабырғасындағы мерекенің кенеттен алынып тасталғандығына аң-таң. Журналистер: "Неге соңғы қоңырау тек мектеп бітірушілерге арналады, ал қалғандары тек сынып сағаттарымен шектеледі" деп сұрады.
Өз кезегінде Светлана Жұмалділдаева орта білім беру міндетті болып табылатынын, оның Конституцияда қарастырылғанын баса атап өтті.
"Орта білім алу - бұл бала мен отбасының тікелей міндеті, сондықтан оқу жылын аяқтау – болашақтағы баланың жетістігін қамтамасыз ететін білім алу факторларының бірі. "Білімім – Отаныма" тақырыбындағы бірыңғай сынып сағатын өткізу жайына келетін болсақ, бұл бүгінгі таңда жоғары білімді ұлтты қалыптастыру үшін, ең алдымен, бізде білім культі болуы керектігін үндейтін Мемлекет басшысының негізгі идеясының жалғасы. 1-сыныптан 10-сыныпқа дейінгі барлық білім беру ұйымдары үшін оқу жылының аяқталуы қорытынды есеппен қатар жүруі қисынды. Педагогтармен және ата-аналармен бірлесіп бала, жалпы сынып қандай жетістікке жетті, соны қорытындылау", - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, 11-сынып оқушылары басқа білім беру ұйымдарына ауысады немесе өндіріске кетеді, сондықтан олар үшін соңғы қоңырау үні маңызды.
"Олар енді қоңырау үнін естімейді. Мектеп бітіретін сыныптарға келетін болсақ, иә, "Мектебім, саған мың алғыс" атты іс-шарасын өткізу бастамасы көтерілді", - дейді Светлана Жұмалділдаева.
Сондықтан, вице-министр атап өткендей, оны жаңа форматта өткізу ұсынылды.
"Оқу-ағарту министрі түлектерге биылғы жылы бір аудиторияда бас қоса отырып, бітіру кешінің жылулығы мен естеліктеріне толы соңғы қоңырауды өткізудің жаңа форматын айқындауды ұсынатынын хабардар етті. Біз оларға оның форматын өздеріңіз ойластырасыздар, бұл квест болады ма, хакатон болады ма немесе ата-аналармен бірге өткізілетін кеш болады ма, өздерің шешесіңдер дедік. Бұл арада мәселе барша баланы мерекеден айыру деген болған жоқ. Мектепте жаңа форматты ұсына отырып, біз осыған дейінгі шығынды дәстүрден бас тартуды қарастыруға тырыстық. Өздеріңіз білесіздер, бұл күні барлық көшеде көліктер кортежі пайда болады, ата-аналар қатты шығындалады, барлық ата-аналардың қалтасы мұндай қаржылық шығынды көтере де бермейді, бітіру кештерін мейрамханаларда өткізуге ұмтылады, 25 мамырда мейрамханаларды жаппай жалдау көрініс табады. Біз осының алдын алғымыз келді", - деп сөзін түйіндеді Светлана Жұмаділдаева.