Қандас мәртебесіне үміткерлердің қазақ ұлтына жататындығын анықтау: қағидалар әзірленді
Жеке басын куәландыратын құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екенін белгілеу туралы өтінішті өтініш беруші "Құтты мекен" мобильді қосымша, "Migration.enbek.kz" порталы, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі арқылы береді.
Қандас мәртебесін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың қазақ ұлтына тиесілігін анықтау үшін жергілікті атқарушы орган Комиссия құрады.
Комиссия құрамына халықтың көші-қоны, білім беру, мәдениет, ішкі саясат, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары, этникалық қазақтар мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар және/немесе қоғамдық бірлестіктер саласына жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, қазақ тілі мен Қазақстан тарихы саласындағы мамандар кіреді.
Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган өтініш келіп түскен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде оны қоса берілген құжаттармен бірге "Қандас" ААЖ арқылы Комиссияның қарауына жібереді.
Өтініш берушілердің ұлты қазақ адамдарға тиесілігін айқындауды Комиссия мынадай алгоритм бойынша жүзеге асырады:
- үміткердің қазақ ұлтына жататынын растайтын жеке басын куәландыратын құжаттардан басқа өзге де құжаттарды қарау;
- адамға өзін этникалық қазақ ретінде сәйкестендіруге мүмкіндік беретін қазақ тілін, салт-дәстүрлерін, мәдениетін, туыстығын және басқа да факторларды білуге бағытталған бетпе-бет не онлайн форматта әңгімелесу өткізу;
- алынған ақпаратты талдау және бағалау;
- шешім қабылдау.
Қазақ ұлтына жататынын айқындау мақсатында өтініш беруші туу туралы куәлікті, ата-анасының туу туралы куәлігін, ата-бабаларының Қазақстан аумағында тұруы туралы архивтік анықтамаларды, неке туралы куәлікті ұсына алады.
Ата-аналарының ұлты әртүрлi болған жағдайда, өтініш беруші "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 65-бабының 2-тармағына сәйкес өзінің қай ұлтқа жататынын айқындайды және көрсетеді.
Қазақ ұлтына жататынын айқындау не айқындаудан бас тарту туралы ұсынымды Комиссия үш жұмыс күні ішінде ашық дауыс беру жолымен қабылдайды және қатысушылардың кемінде үштен екісінің оң дауыс берген кезде қабылданды деп есептеледі.
Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган Комиссияның ұсынымы негізінде үш жұмыс күні ішінде қазақ ұлтына жататынын тану не танудан бас тарту туралы шешім қабылдайды және "Құтты мекен" мобильдік қосымша немесе "Migration.enbek.kz" порталы арқылы қабылданған шешімді өтініш берушіге және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне жібереді, немесе өтініш берушіге шешім береді.
Жаңа мән-жайлар анықталған және растайтын жаңа құжаттар анықталған жағдайда, қазақ ұлтын белгілеуге үміткер өтініш беруші қайта өтініш береді.
Қазақ ұлтына жататындығын танудан бас тартуға негіз болып табылады:
- ұсынылған құжаттардың сәйкес келмеуі;
- этникалық қазақ қазақ ұлтына жататынын тану үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;
- қандас мәртебесін беру және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініш жасаған этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының аумағында құқық бұзушылықтар жасағаны туралы әшкерелейтін мәліметтердің және олардың террористік немесе экстремистік ұйымдарға жататындығы туралы өзге де ақпараттың болуы;
- этникалық қазақтың "Дербес деректер және оларды қорғау туралы"Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге берілетін келісімінің болмауы;
- молекулалық-генетикалық сараптаманың теріс нәтижелері (этникалық тест) қазақ ұлтына жататынын танудан бас тартуға негіз болып табылады
Комиссия отырысы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
Молекулалық-генетикалық сараптамадан өту тәртібі
- Комиссияның қосымша ұсынымы бойынша, қараудың жүргізілген нәтижелері негізінде;
- Өтініш берушіде қазақ ұлтына жататынын айқындау үшін Комиссияға ұсынатын құжаттар болмаған кезде жүргізіледі.
Молекулалық-генетикалық сараптама адамның белгілері бойынша ұқсатумен және биологиялық туыстықты анықтаумен байланысты дәлелді ақпаратты белгілеу үшін жүргізіледі.
Өтініш беруші Қазақстан Республикасының уәкілетті органы аккредиттеген ұйымдарында өз қаражаты есебінен молекулалық-генетикалық сараптамадан өтеді.
Этникалық тест нәтижелері адамдардың қазақ ұлтына жататынын айқындау не айқындаудан бас тарту туралы ұсынымды қабылдайтын Комиссияның қарауына беріледі.
Құжат 12 маусымға дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.
Оқи отырыңыз