Қазақстандықтарға жойқын жер сілкінісі жағдайындағы әрекеттер туралы ескертілді
Ведомствоның мәліметінше, 3-4 маусымда еліміздің тоғыз сейсмикалық қауіпті өңірінде оқу-жаттығуы өтеді.
Атап айтсақ, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында.
Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында орналасқан.
"3 маусым сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісіне ұшырау мүмкіндігі бар аталған өңірлерде "Баршаның назарына!" сирена-сөйлеу құрылғыларын іске қосылады. Сондай-ақ адам көп жиналатын объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі".ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.
Аталмыш іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізіледі.
Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен далалық медициналық ауруханалар көрсетілетін болады.