Астаналық ауған жауынгері сот арқылы пәтер алу құқығын қайтарып алды
2023 жылы талап қоюшы мемлекеттік қордан тұрғын үй алу үшін есепке қою туралы арызбен жүгінген.
Басқарма талап қоюшының соңғы жылдағы жиынтық орташа айлық табысының артуына байланысты арызын қанағаттандырудан бас тартқан (отбасының әрбір мүшесіне – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшері).
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды келесі негіздер бойынша толық көлемде қанағаттандырды.
"Осыған қатысты "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сәйкес, егер азамат соңғы 5 жыл ішінде өзініңтұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатуы салдарынан мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үйге мұқтаж болып қалғаны анықталса, оны есепке қоюдан бас тартылады". ҚР Жоғарғы соты
Сотта талап қоюшының ауған соғысына қатысқан жауынгер ретінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылғаны, меншігінде тұрғын үйі жоқтығы және тұрғын үй жағдайының қасақана нашарлауына жол бермегені анықталды.
"Сондықтан талап қоюшының мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге кезекке тұруға құқығы бар. Тұрғын үй беру рәсімі кезінде заңның ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен жиынтық табыс туралыталабы кезекте тұрғандар үшін көзделген".ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметі
Талап қоюшы тек баспанаға мұқтаждардың кезегіне қою үшін жүгінген, бұл оны берумен тең емес.Сондықтан Басқарманың жиынтық орташа айлық кіріс мөлшерінің асып кетуіне сілтеме жасай отырып, талап қоюшыны есепке қоюдан бас тартуы осы өкілеттіктің мақсатына сай келмейді және әкімшілік қалау шегінен асып кету болып саналады.
Апелляция бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісті.
"Сот актілері заңды күшіне енген жоқ",-делінген таратылған хабарламада.
4 маусымда Қазақстан спорт шебері сот арқылы Туризм және спорт министрлігінен ақшалай көтермелеу төлемдеріне қол жеткізгенін хабарлағанбыз.