Төтеншеліктер ескерту жасады: Алматыда қолайсыз ауа райы болады
Қалалық ТЖД, негізінен, Қазгидрометтің дауылды ескертуіне сүйене отырып, хабарлама жасады.
"2024 жылы 13 маусымда Алматы қаласында кей уақытта найзағай ойнап, күн райы бұзылады. Сондай ақ найзағай кезінде жел екпіні секундына 17-22 метрге дейін жетеді". Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі
Найзағай кезінде не істеу керек?
Пәтерде, үйде, ғимаратта болсаңыз: егер найзағай кезінде сіз үйде болсаңыз, электр сымдарына, антенналарға жақындамаңыз, терезелерді жабыңыз, теледидарды, радионы және басқа тұрмыстық электр аспаптарын өшіріңіз және металл заттарға тимеңіз.Төбелерде, металл қоршауларда, электр беру желілерінің тіректерінде және сымдардың астында болмаңыз. Егер сіз паналайтын орын іздесеңіз, ашық кеңістікті кесіп өтуіңіз керек, жүгірмеңіз, тыныш қадам жасаңыз. Ұялы телефонды ажыратыңыз.
Көлікте болсаңыз: егер автомобильде болған кезде найзағай ойнаса, одан шықпаңыз, терезелерді жауып, радиоқабылдағыштың антеннасын түсіріңіз. Қозғалысты тоқтатыңыз және жол жиегінде немесе автотұрақта, биік ағаштардан алыс жерде көлік ішінде ауа райының тынышталғанын күтіңіз. Биік жерде немесе ашық далада тұрмаңыз, көлікті іске қоспаңыз, автомобиль шанағына сүйеніп тұрмаңыз, металл заттарға отырмаңыз, көліктің астына тығылмаңыз, металл заттарды ұстамаңыз.
Көшеде болсаңыз: егер сіз сыртта болсаңыз, есіңізде болсын: найзағай жарқылдап жатқан тұста жүгіруге және үрейге берілуге болмайды, барлық металл әшекейлерді (білезік, сақиналар, сырғалар) шешіп алыңыз, электр сымдарына жақындамаңыз. Металл қоршаудың, темір құбырлардың, рельстердің жанында, сондай-ақ басқа электр өткізгіштердің жанында тұрмаңыз.
"Велосипед пен мотоцикл бұл уақытта қауіпті болуы мүмкін. Оларды жерге қойып, кем дегенде 30 метр қашықтыққа кері жылжыңыз". Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі