Елімізде резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережесі жаңартылды
Ережелердің кейбір тармақтары жаңа редакцияда көрсетілген.
Клиникалық мамандықтар бөлінісінде қалыптастырылған резидентурада медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдары мен ұлттық және (немесе) ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары арасында орналастырылады.
Резидентурада медицина кадрларын даярлауға арналған өтінімдерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтау саласындағы жергілікті атқарушы органдары, республикалық медициналық ұйымдар, медициналық білім беру және ғылыми ұйымдары, өзге де мемлекеттік органдары Ұлттық үйлестірушіге белгіленген нысан бойынша жыл сайын 1 наурызға дейін береді.
Резидентурада медициналық кадрларды даярлауға өтінімдерді қалыптастыру кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары моноқалалардағы, ауылдық елді мекендердегі және жаңадан салынып жатқан денсаулық сақтау объектілеріндегі медициналық ұйымдардың қажеттіліктерін ескере отырып деректерді қалыптастырады.
Тапсырыс берушілерден резидентурада медициналық кадрларды даярлауға алынған өтінімдер негізінде Ұлттық үйлестіруші жыл сайын 20 наурызға дейін қаржыландыру көзін көрсете отырып, өңірлер, елді мекен (қала, моноқала/ауыл) санаттары, клиникалық мамандықтар бөлінісінде уәкілетті органға және ЖАО-ға медициналық кадрлардағы жалпы және болжамды қажеттілікті қалыптастырады және жібереді.
Резидентурада медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін білім беру ұйымдары, ұлттық және (немесе) ғылыми орталықтар және ғылыми-зерттеу институттары уәкілетті органға растайтын мынадай құжаттарды қамтитын конкурстық өтінім береді:
- нысан бойынша өтінім;
- нысан бойынша сауалнама;
- нысан бойынша ақпараттық карта;
- нысан бойынша тиісті оқу жылына резидентурада медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру ұсыныстары.
- нысан бойынша аккредиттелген резидентура базаларының болуы туралы ақпараттық карта.
Білім беру ұйымдары ұсынған конкурстық өтінімге даулы мәселелер туындаған жағдайда Комиссия қосымша растайтын құжаттарды сұратады.
Растайтын және қосымша құжаттар үш күн мерзімде ұсынылмаған жағдайда Комиссия білім беру ұйымының өтінімін қабылдамайды.
Білім беру ұйымдарын, ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарын айқындау және резидентурада медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемшарттарды басшылыққа алады:
- білім беру бағдарламаларының тиісті тобы бойынша соңғы 3 жылда білім алушылар контингентінің болуы;
- резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға қойылатын талаптарға сәйкес келетін білім беру процесін кадрлық қамтамасыз ету;
- әлемдік ғылыми және білім беру ресурстарына қол жеткізу;
- резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға қойылатын талаптарға сәйкес келетін ғылыми-білім беру процесін материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
- резидентураның аккредиттелген білім беру бағдарламаларының болуы;
- білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесінің білім беру бағдарламаларының тізілімінде білім беру бағдарламаларының болуы;
- білім беру ұйымдарында қоғамдық тамақтандыру және медициналық қызмет көрсету пункттерінің болуы;
- түлектерді жұмысқа орналастыру нәтижелері;
- білім беру ұйымдарының халықаралық және (немесе) ұлттық рейтингтеріне қатысу;
- денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары үшін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасы өткізетін рейтингке қатысу.
Комиссия бағалау негізінде мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырыс санын көрсете отырып, конкурс шарттары бойынша резидентурада кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын резидентура бағдарламасын аяқтау бойынша кейіннен жұмысқа орналасу үшін тапсырыс берушілерді, білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының тізбесін көрсете отырып, резидентурада медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы шешім қабылдайды.
Резидентураға тұлғаларды ақылы негізде қабылдау білім беру бағдарламалары топтарының бейінінен түсу емтиханының қорытындысы бойынша және мүмкін болған 100 баллдан кемінде 75 балл жинаған жағдайда жүзеге асырылады.Конкурстық негізде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түсу емтиханынан ең жоғары балл, бірақ кемінде 75 балл жинаған тұлғалар қабылданады.
Оқуға қабылдау туралы өтініш нысан бойынша тапсырыс берушіні міндетті түрде көрсете отырып, ұйым басшысының атына беріледі.
Білім беру ұйымдары резидентураға қабылданғаннан кейін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға күнтізбелік 10 күні ішінде қабылдауды ұйымдастыру және өткізу бойынша қорытынды есепті, сондай-ақ бағдарлама аяқталғаннан кейін резидентура түлегі жұмысын өтейтін Тапсырыс берушіні көрсете отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша резидентураға қабылдау туралы бұйрықтардың көшірмелерін ұсынады.
Білім беру ұйымдары резидентураға қабылданғаннан кейін республикалық медициналық ұйымдарға, медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарға, өзге де мемлекеттік органдарға 10 күнтізбелік күн ішінде резидентура бағдарламасы аяқталған кезде Тапсырыс берушінің бос жұмыс орындарын жоспарлауы үшін резиденттер санын, оқыту мамандығын және оқыту тілін көрсете отырып, мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдау туралы ақпаратты ұсынады.
Тапсырыс беруші ұсынылған деректерге сәйкес тапсырыс берушінің қажеттілігіне сәйкес мемлекеттік тапсырысты кейіннен міндетті түрде жұмысты өтеуді бекіте отырып, үшжақты шарт (білім беру және ғылыми ұйым, резидент- дәрігер, тапсырыс беруші) жасасады.
Резидент-дәрігерлерді резидентура базалары бойынша бөлуді білім беру ұйымы резидент-дәрігердің жеке жұмыс жоспарына сәйкес дербес жүзеге асырады.
Резидент-дәрігерлердің клиникалық практикасы тиісті мамандық бойынша ауылдық, қалалық, облыстық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы ұзақтығы резидент-дәрігердің жеке жұмыс жоспарына сәйкес резидентураның үлгілік оқу бағдарламасында көрсетілген мерзімдерден кем емес жоспарланады және ұйымдастырылады.
Резидент-дәрігерді ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бос орынға қалған оқу мерзіміне оқуға ауыстыру демалыс кезеңінде білім беру ұйымы басшысының шешімімен жүзеге асырылады.
Ақылы негізде, сондай-ақ жекелеген ұйымдар үшін бекітілген білім беру тапсырысы бойынша түскен резидент-дәрігерлер басқа ұйымға білім беру ұйымы басшысының шешімімен қалған оқу мерзіміне демалыс кезеңінде ақылы негізде ғана ауысады.
Ауыстыру рәсімін білім беру ұйымы дербес белгілейді және оның академиялық саясатында көрсетіледі.
Бұйрық 2024 жылғы 9 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.