Қазақстан металл сынықтарын жинау мен өңдеуді реттеуді күшейтеді
ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің қызметі туралы primeminister.kz материалында айтылған.
Қазақстан қара және түсті металдардың ірі экспорттаушысы саналады. Экспорттан түскен табыс елдің сауда теңгерімін жақсартуға және валюталық резервтердің өсуіне ықпал етеді. 2024 жылдың алғашқы 4 айында металлургия саласының экспорты 8,3%-ға өсіп, $4,7 млрд-ты құрады.
Қазақстанның металлургия өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпорындар саны айтарлықтай өсті, өз кезегінде бұл бәсекелестіктің күшеюіне әкелді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қазіргі таңда елде 442 металлургиялық компания жұмыс істейді, оның ішінде 26-сы ірі кәсіпорындар. Аталған салада жұмыс істейтін азаматтардың жалпы саны шамамен 85,6 мың адамды құрайды.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның қара металлургия саласында елеулі өзгерістер орын алды. Қара металл сынықтарын жинау, дайындау және қайта өңдеу қызметін рұқсат беру тәртібіне көшіру стратегиясы аясында бірқатар жаңа заңнамалық және нормативтік актілер қабылданып, іске қосылды. ҚР Үкіметі осы қызмет түрімен айналысатын кәсіпорындар үшін екінші санаттағы рұқсаттарды беру жөніндегі жауапты органдарды анықтап, тәуекелдерді бағалау рәсімдері мен критерийлерін бекітті.
Экспорттық бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ішкі нарықты нығайту және жергілікті металлургиялық кәсіпорындардың шикізаттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қара металл сынықтары мен түсті металл қалдықтарын шығаруға тыйым салынды.
Назарға метал сынықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және сату саласындағы әдістемелер мен көрсеткіштерді әзірлеу және келісу алынуда. Олар процестердің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға арналған, мемлекеттік органдармен қайталама келісу кезеңінде және соңғы бекітуін күтуде.
2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында химия өнеркәсібінің негізгі капиталындағы инвестиция 68,4 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемін арттыру Павлодар облысында техникалық кремний өндірісі, Түркістан облысында сутек асқын тотығы, Атырау облысында сұйық азот және басқа да негізгі бастамалар бойынша жобалардың іске қосылуымен байланысты. Алғашқы жартыжылдықта Қазақстанда 9 жаңа шағын кәсіпорын ашылды.
Негізгі инвестициялық көлемдер
- Павлодар облысында – 38,2%,
- Жамбылда – 18,6%,
- Атырауда – 18,4%,
- Түркістанда – 10,3%,
- Маңғыстауда – 7,4% шоғырланған.