Ит бағып отырған көршісіне ауылдастары шағым айтты
Қаңғыбас иттерге қамқорлық көрсетіп жүргендер бастапқыда 7-8 жануарды баға бастаған. Уақыт өте төрт аяқтылардың саны көбейген. Шағымданушылардың айтуынша, шамамен 50-ден астам ит бар. Ауыл жұрты "күні-түні ит бірнеше сағаттап жан-жақтан үргенде үрейіміз қашып, түн ұйқымыз төрт бөлінеді" - дейді.
"Иттер шулап түнімен жатқызбайды. Исі де сасық. Иесіне айтсаң, ешкімді тыңдамайды. Түнде сағат 4:00-де ұлиды", – деді Атамекен ауылының тұрғыны Шархат Жұмабаева.
Бұл иттердің иесі кейде сүйек-саяқтарды есік алдына, көшенің бойына қалдырып кетеді. Нәтижесінде ауылдағы бұралқы иттің бәрі осы маңайға жиналып, тұрғындардың әрі-бері өтуі қиындайтын көрінеді. Олар балалар үшін алаңдайды, деп жазады Алматы телеарнасы.
Ал алпыс жануарды ауласына сыйғызып отырған азамат "ісім заңды, әрқайсының арнайы құжаты бар" дегенді алға тартты. Оның сөзінше, ауылдан алшақ жерде қаңғыбас иттерді қамайтын орын бар. Бірақ қоршауы салынбаған. Сондықтан қамқорлық көрсетуді жалғастыра бермек.
"Тұрғындар далаға тастап кеткен иттерге қамқор болып жүрміз. Керісінше, көпшіліктен осы орынды қоршауға көмек сұраймыз. Бізге ешкім қаржы бөлмейді. Біз тек қайырымды жандардың көмегімен иттерді қорғап жүрміз", – деді қайырымдылық қорының өкілі Оксана Козлова.
Ауыл әкіміне жолықтық. Тұрғындар да бізбен бірге барып, бар шағымды ауызша, жазбаша жеткізді. Ал елдімекен басшысы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрып, көршілер арасындағы дауды шешіп беретінін айтты.
"Заңнамаға байланысты үй жануарларын асырап бағу, мал басы санына байланысты, арнайы шектеу жоқ. Азаматтарға нақты бір шара қолдана алмаймыз. Соңғы түскен шағымға байланысты жергілікті әкімшілік арнайы жұмыс тобын құрып, мамандарды шақыртамыз. Тұрғындардың шағымы, арызы, көтеріп отырған мәселесі аяқсыз қалмайды", – деді Атамекен ауылдық округінің әкімі Ерлан Қайранов
Тұрғындар мәселені осылай қалдырып қоймай, соңына дейін барамыз деп бекініп отыр.