ТЖМ: Өртке қарсы жедел әрекеттің арқасында орман өрті 3 есе азайды
Министрдің айтуынша, ең алдымен, негізгі басымдық өрттің алдын алу мен өрт ошақтарын ерте анықтауға берілді.
Бұл тұрғыда, тәулік бойы өрт жағдайына мониторинг жүргізіп отыру үшін "Ертіс Орманы", "Бурабай", "Семей Орманы", "Медеу", сондай-ақ Қостанай облысы орман шаруашылықтарының, бейнебақылау жүйелері Министрліктің Дағдарыс орталығына қосылған. Қосымша "Орман" және "Табиғат" жүйелері біріктірілген.
Сонымен қатар, найзағайдың белсенділігі мен термалды нүктелер туралы мәліметтерге талдау жасау арқылы өрттің тұтануына ден қойылады. Министрліктің бөлімшелері пилотсыз ұшу аппараттары арқылы өңірлерді әуеден шолып қарап барлау жүргізеді.
"Екіншіден, біз министрлік бөлімшелерінің табиғи өрттерге жедел ден қою шараларын күшейттік. Күштер мен құралдардың топтамасы тұрақты дайындықта ұсталады, өңірлерде су төгу құрылғылары бар 34 әуе борты қойылды", — деп мәлімдеді Ш. Әрінов.
Сонымен қатар министрліктің күшімен 37 орман шаруашылығына күзет ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда олар 23 өртті жойып, 60-тан астам жедел шығуды жүзеге асырған.
Ал, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жоқ елді мекендерді қорғау мақсатында ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен өрт сөндіру бекеттерін құру жұмысы жалғасуда. Биыл 43 ерікті құрылым мен 26 бекет құрылған.
"Үшіншіден, мобильді топтар рейдтер жүргізуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда 11 мың рейд жүргізіліп, 3 мыңнан астам заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — деді министр.
Сондай-ақ елімізде алғаш рет ішкі істер және экология және табиғи ресурстар Министрліктерімен бірлесіп "ОРМАН" жедел-тексеру шаралары өткізілді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 802 тұлғаның заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды.
"Жалпы алғанда, оң динамика байқалады, нақтырақ айтсақ, орман өрттері 3 есеге, дала өрттері 2 есеге азайды. Министрлік бөлімшелері осы қарқынмен табиғи өрттерге жедел ден қоюды жалғастыратын болады", — деп түйіндеді баяндамасын Ш. Әрінов.