"Еселі еңбегімен еленген қайраткер" атты ғылыми-танымдық конференция өтті
Конференцияға сала басшылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, облыстың зиялы қауымы, ардагерлер, Ғафур Мұхамеджановтың балалары мен немерелері қатысты.
Нұрлыбек Машбекұлы қайраткердің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі туралы айтып, еңбек жолына тоқталды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Аймағымыздың шежіресінде толағай болмысты, нар тұлғалы азаматтардың есімі әрдайым құрметпен аталады. Сондай ағаларымыздың бірі – елжанды азамат, Сыр перзенті, ғибратты ғұмыр иесі Ғафур Мұхамеджанов. Ол қасиетті Сыр топырағында дүниеге келіп, өз дәуіріндегі барлық тарихи оқиғаның бел ортасынан табылды. Совет, партия басшылығында болып, Шиелі және Жаңақорған аудандарының тізгінін ұстады. Тынымсыз еңбек, жоғары талап, іске деген адалдық ағамыздың рухани тағылымының тамыры терең, діңгегі мықты екенін көрсетті. Аймақтың бүгінгі бет-бейнесінің қалыптасуы мен дамуына Ғафур Мұхамеджановтың қосқан орасан зор үлесі бар. Аға буынның елі үшін жасаған еңбегі мен ерлігі жас ұрпаққа мирас болып қалуы тиіс. Парасат пайымы биік тұлғаның жарқын бейнесі, бекзат болмысы ешқашан ұмытылмайды, елімен бірге мәңгі жасай береді", – деді Н.Нәлібаев.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Басқосуда облыстық мәслихат төрағасы, конференцияның модераторы Мұрат Тілеумбетов Парламент Сенатының депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, академик, заң ғылымдарының докторы Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлының Ғафур Мұхамеджановтың 100 жылдығына арнаған құттықтауын оқыды.
Әрі қарай Ғафур Мұхамеджанов туралы естеліктер мен тарихи деректерге толы баяндамаларға кезек берілді. Саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев оның мұқтажға қамқор, әлсізге тіреу, шешімге әділ, халқына абзал азамат болғанын айтты. Баяндамалар легін саяси ғылымдар докторы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы жалғастырды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Нұрлыбек Мыңжас та дәйекті деректерді ортаға салды.
Ғафур Мұхамеджанов 1924 жылы 1 шілдеде Жаңақорған ауданы, Өзгент ауылында туған. Ол кісінің балалық және жастық шағы алапат аштық, сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді.
Мектептен соң Қызылорда педагогикалық институтына түсіп, мұғалім мамандығын иеленді. Кейін Алматы Жоғары партия мектебін аяқтады. Еңбек жолын 1941-1942 жылдары бастауыш мектепте бастап, 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Соғыстан кейін ел еңсесін тіктеуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға білек сыбана кірісті. 1945-1970 жылдары Шиелі аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, төраға орынбасары, төрағасы, Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
1970-1975 жылдары Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1975-1985 жылдары Қызылорда облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болған. Облыстық комитет мүшесі, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланған.