Қазақстан мен Түрікменстан президенттері БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифингіде не айтты
Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен қабылданған екіжақты құжаттар жөнінде пікір білдірді. Олардың арасында Достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларация айрықша маңызға ие.
"Бұл құжатта біз бауырлас халықтарды жақындастыруға, қазақ-түрікмен қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге екі тараптың да ниетті екенін тағы бір мәрте растадық. Сонымен қатар 2027 жылға дейінгі тиісті Кешенді жоспар қабылданды. Алдағы уақытта туысқан қос халықтың игілігі үшін айтулы шараларды көбірек өткізуге уағдаластық. Кездесуде екіжақты сауда-саттық мәселесіне айрықша мән берілді. Бірлескен күш-жігердің арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 28 пайызға артып, жарты миллиард доллардан асты. Биыл да оң динамика байқалады. Біз тауарлар номенклатурасын кеңейту және сауда-саттықты одан әрі өркендету үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде келістік. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидай жеткізу көлемін ұлғайтуға болады. Елімізге экспортты арттыруға және біздің нарықта ұзақ мерзімге тұрақтап қалуға түрікмен бизнесінің де әлеуеті жетеді. Екіжақты тауар айналымын таяу келешекте бір миллиард долларға дейін жеткізуге болады деп санаймыз. Қазақстан тарапы сауда-экономикалық мүмкіндіктерімізді толық пайдалану үшін өңіраралық ықпалдастықты бірлесе нығайтуды ұсынды. Бүгін осы форматтағы өзара тиімді серіктестіктің бастамасы ретінде Маңғыстау облысы әкімдігі мен Балқан уәлаятының әкімшілігі арасында ынтымақтастық жоспарына қол қойылды", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тараптар экономиканың басты секторларында бірлескен кәсіпорындар құру перспективасын зерделеу жөнінде уағдаласқан.
"Энергетика саласындағы ықпалдастықты кеңейту басым міндет ретінде белгіленді. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазақстан Түрікменстанның газ-конденсат кен орындарын игеру, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға ниетті. Бүгін QazaqGaz компаниясы мен "Түрікменгаз" мемлекеттік концерні арасында газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойылды. Екі ел үкіметтеріне осынау аса маңызды бағыттағы уағдаластықтардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Қазақстанның мұнай-газ компаниялары Каспий теңізінде мұнай сервисі қызметтерін көрсету үшін түрікмен әріптестерімен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде көлік-транзит байланыстарына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы ретте елдеріміздің аумағы арқылы өтететін жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде артып келе жатқанын көріп отырмыз. Былтыр елдеріміз арасында теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 20 пайызға артып, 1,5 миллион тоннаға жуықтады. Бұл істе, әсіресе, "Солтүстік – Шығыс" көлік дәлізінің маңызды бөлшегі саналатын "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржол бағыты айрықша рөл атқарады. Бұдан бөлек, екі мемлекеттің ортасындағы "Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы" бағыты бойынша жол инфрақұрылымын бір-бірімен жалғау жұмыстары жүргізілуде. "Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан" темір жолын салу перспективасы талқыланды. Тараптар бұл тақырыпта нақты келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар біз елдеріміз арасындағы әуе қатынасын тезірек қалпына келтіру мүмкіндіктерін қарастыруға келістік. Бұл шаралардың бәрі екі ел арасындағы көлік қатынасын одан әрі нығайта түсуге оңтайлы жағдай туғызады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөзде талқыланған маңызды тақырыптың бірі – мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту. Бұдан бөлек, тараптар білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екендерін растап, Түрікменстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу перспективасын қарастыруға уағдаласты. Сондай-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән берілді.
Түрікменстан Президенті брифингте ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы және перспективті бағыттарына тоқталып, түрікмен-қазақ диалогі сындарлы сипатта дамып келе жатқанын атап өтті
"Бүгінгі кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жай күйі мен келешегі, сондай-ақ өзара мүддемізге сай келетін өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланды. Екі ел ықпалдастығының нақты бағыттары айқындалды. Келіссөздер өзара сенімге және ашықтыққа негізделген қарым-қатынас дәстүрінен айнымай, сындарлы әрі мазмұнды сипатта өтті. Саясат, экономика және мәдени-гуманитарлық салалардың барлық бағыты бойынша қалыптасқан екіжақты диалогтің қазіргі деңгейіне жоғары баға берілді", - деді Сердар Бердімұхамедов.
Президенттер қазақ-түрікмен қатынастарын одан әрі күшейтуге бағытталған келіссөздер қорытындысына көңілдері толатынын жеткізді.