Бектенов жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуді тапсырды
ТЖМ мәліметінше, биыл қазан айының басынан бері тұрғын үй секторында орын алған 650-ден астам өрт тіркелген. Негізгі себептердің бірі – жылу жүйелері мен электр құрылғыларын пайдалану ережелерінің бұзылуы. Шыңғыс Әрінов өңірлер бойынша Қостанай, Қызылорда және Абай облыстарында өрттің көбейіп отырғанын баяндады.
Премьер-министр профилактикалық жұмысты күшейту және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау қажеттігіне назар аударды.
"Жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен орын алады. Алайда, өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауІпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс. Тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек", — деп атап өтті Олжас Бектенов. Әкімдіктерге ТЖМ — мен бірлесіп тұрғын үй секторында барлық жерде өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.
Премьер-министр халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін газ датчиктерімен қамтамасыз ету міндетін қойды. Мұндай үйлер есепке алынып, олар ерекше бақылау аймағында болуы тиіс. Әсіресе Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз жүргізілуде – 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Олжас Бектенов жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесін шешу қажеттігі атап өтілді. Олжас Бектенов әкімдіктерге жүктелген газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтынына назар аударды. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Премьер-министр өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-министр халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктер бірлесіп, жеке тұрғын үйлерге рейд жүргізуді жандандыру тапсырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдар тарату мәселелерін пысықтау тапсырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі алдына жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.