Тоқаев: Қазақты сақтау үшін ең алдымен ауылды сақтауымыз керек
Еске салсақ, Тоқаевтың Президент сайлауынан кейінгі алғашқы жарлығы ауылды дамытуға арналды.
"Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі",- деді ол.
Сондай-ақ, ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынғаны жайлы да айтты.
"Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді.Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет",- деді Президент.
Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек.
"Мен табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін. Бүгін ортамызда "Қазақстанның Еңбек Ері" Иван Адамович Сауэр отыр. Ол жетекшілік ететін "Родина" агрофирмасы ауыл шаруашылығында бизнесті оңтайлы жүргізудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге және облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып қана қоймай, өзінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қамын ойлайтын озық кәсіпорын". Мемлекет басшысы
Сыр бойындағы Нағи Ілиясов және Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі. Әр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер одан әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын. Адал еңбекпен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуға үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жанашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз.
"Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы да осындай құндылықтарға негізделген. Жоба аясында елді мекендеріміз тазарып, жаңаша келбетке ие бола бастады. Қоршаған ортаға қамқорлық қоғамдық мәдениеттің арқауына айналды. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Менің тапсырмаммен Үкімет арнайы тұжырымдама қабылдады. Басты мақсат – халықтың экологиялық мәдениетін одан әрі арттыру"Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұған дейін таяу жылдары 116 заманауи сүт фермасы салынатындығы хабарланған болатын.