Қалыңдықтың мәһір сұрауына тыйым салынды. ҚМДБ пәтуа шығарды
ҚМДБ қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал екенін, оның мәһірдің де рөлін атқаратынын нақтылайды.
"Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады". ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шешімі
Ал "әке еңбегі", "ана сүті", т.с.с. қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді.
"Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһір-мисл береді".ҚМДБ Ғұламалар кеңесі
Осы жағынан алғанда, аталған кеңес екі шешім қабылдады:
- Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.
- "Әке еңбегі", "ана сүті" секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды.
Айта кетсек, Қазақстанда үйленгенде күйеу жігіт қалыңдыққа қалыңмал апарады. Әр өңірде оның сомасы әртүрлі: 500 мың теңгеден басталып 3 млн теңгеге дейін барады. Одан бөлек мешітке неке қиюға барғанда қалыңдық күйеу жігіттен мәһір де сұрайды. Оның сомасы да нақты белгіленбеген, қалыңдықтың тәрбиесі мен мәдениетіне қарай ол арада жай сағаттан бастап, тіпті пәтер, көлікке дейін қамтылып жатады. Соңғы кездері қалыңдықтардың қалауы, көбінесе Айфонға түсіп жүр.