Берік Асылов прокуратураның негізгі қызметтері жайлы: абыройлы міндет

Берік Асылов прокуратураның негізгі қызметтері жайлы: абыройлы міндет, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.12.2024 12:25 Сурет: akorda.kz
Жыл сайын 6 желтоқсанда еліміздің Прокуратурасы күні атап өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында жоғары қадағалау органы жұмысының маңызды аспектілері туралы еліміздің Бас Прокуроры Берік Асылов айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша прокуратура, бірінші кезекте, өзінің қадағалау әлеуетін Конституцияның басты құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары және бостандығын қорғауға бағыттайды.

"Оның жұмысындағы ең басты қағидат – Заң мен Тәртіпті бұлжытпай сақтау",- деп нақтылады ол.

Асылов 1991 жылғы 6 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің "Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың өздігімен жұмыс істеуі және тәуелсіздігі туралы" қаулысының қабылдануы – еліміздің қадағалау органы тарихындағы маңызды қадам болғанын еске алды.

Дәл осы маңызды шешім – Қазақстан прокуратурасы тарихи жылнамасының сүрлеуіне жол ашты."

"1995 жылғы еліміздің Ата Заңын қабылдау айрықша маңызды тарихи сәт болатын. Ата Заңымызда мемлекетіміздің президенттік басқару нысаны айқындалды. Атап айтқанда, прокуратураның Мемлекет басшысына тікелей бағынысты болатынын, оның басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіздігін, сондай-ақ қадағалау органдарының бірыңғай орталықтандырылған сатылай бағынысты жүйесін нақтылап бекітті". Берік Асылов

2022 жылы Республикалық референдумда Ата Заңға өзгеріс енгізу арқылы қадағалау органы тарихына жаңа бетбұрыс жасалды. Жаңартылған Конституцияда Прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілді.

Жалғастыра келе ол, прокуратураның негізгі функциясы — заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау, сотта мемлекеттің мүдделерін білдіру және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру.

"Прокурорлар жедел-іздестіру қызметі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотта айыпты қолдауды қоса алғанда, қылмыстық-құқықтық саладағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Азаматтарымыз жоғары қадағалау органының қызметі жайлы хабардар болған сайын, біздің қызметіміздің алуандығы мен қыруар қыры ашыла түседі. Прокурорлар жедел-тергеу топтарын құрады, оларға басшылық жасайды, істерді өздері тергеп-тексереді. 2023 жылдың басынан бастап азаптауларды сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек прокурорлардың ғана құзыретіне берілді. Сонымен қатар күшіне енгізілген сот үкімдерінің заңдылығын, қылмыстық жазалардың орындалуын, түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың құқықтарының сақталуын, жазасын өтеген адамдардың пробациядан өтуі мен әлеуметтік бейімделуін қадағалауды жүзеге асырамыз. Яғни бүгінде прокуратура қызметі қылмыстық-құқықтық саланың барлық кезеңін қамтып отыр",- деді Берік Асылов "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, еңбек қатынастары саласы прокуратураның ерекше назарында. Осы жылы прокуратура актісі бойынша 122 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды, 278 млн теңге сомаға еңбекақы өндіріліп алынды. Көлік саласында 640 млн астам сомаға мемлекет мүддесі қорғалды.

Сондай-ақ, ол негізгі бағыттардың бірі халықаралық ынтымақтастық болып табылатындығын атап өтті.

Қоғамды толғандыратын тақырыптардың бірі — заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару.

"2023 жылдың шілдесінде Парламент осы жұмыстың негізін қалаған Заң қабылдады. Бас прокуратурада активтерді қайтару жөніндегі дербес Комитет құрылды, ол Үкімет жанындағы Комиссияның жұмыс органы болып табылады. Комитетте заңгерлер, экономистер, банк саласының, өзге де бағыттардың мамандарының кәсіби ұжымы жұмыс істейді. Олар экономиканың әртүрлі салаларына қатысты көптеген құжаттарға талдау жасауда. Бұл үлкен қажырлы еңбек".Берік Асылов

Ол активтерді қайтару жұмысы Заң қабылданғанға дейін басталғанын атап өтті. Бүгінгі таңда активтер шамамен екі триллион теңге сомасына қайтарылды.

Ары қарай ол мемлекеттің конституциялық құндылықтарын қорғауды күшейту жұмыстарына тоқталды. Қылмыстық-құқықтық жүйені кешенді түрде жаңғырту қолданыстағы қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамаларын қабылдай отырып, он жыл бұрын жүргізілген болатын.

Реформалаудың пәрменді қадамы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу болмақ.

"Қазіргі уақытта қылмыстық процесс осы жүйе бойынша жұмыс істейді. Ең бастысы, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бастапқы сатысында адамдарды тергеу органдарының негізсіз шешімдерінен қорғайтын қосымша құқық қорғау қалқаны қалыптасты. Қылмыстық қудалау органдарының прокурордың келісімінсіз шығарған шешімдерінің заңды күші мен құқықтық салдары болмайды".Берік Асылов

Сондай-ақ, ол тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Адвокаттар, жәбірленушілер, олардың қорғаушылары және қылмыстық процеске басқа да қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тең дәрежеде қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта тергеушілер қылмыстық істің материалдарына өздері ғана "қожайын" емес.

Асылов прокуратура азаптаулар мәселелеріне өте қатал қарайтындығын да жасырмады.

Пенитенциярлық жүйеде азаптаулардың алдын алуға ерекше назар аударылған. Сотталғандардан қатал қарау туралы келіп түскен кез келген хат-хабар азаптаулар тұрғысынан ғана қаралады.

"Кезекші прокурорлар мекемелерге күнделікті барып тұрады, жоспарсыз тексерулер, оның ішінде түнгі уақыттарда да жүргізеді. Сотталғандардан анонимді сауалнама алу практикасын енгіздік. Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық 78 мекемесінде жаппай бейнебақылау орнатылған. Прокурорлар қашықтық режимде, шамамен, 40 мың бейнекамера жұмысына мониторинг жүргізеді. Электрондық өтініш беру терминалдарының саны екі есе артты. Олар асханалар мен отрядтарда орналасқан. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде олардың 612-сі бар. Көрсетілген жұмыстың нәтижесінде биыл азаптау фактілерін тіркеу бойынша істер 24-тен 5-ке азайды, мекемелерде азаптаулар бойынша 17 адам сотталды".Берік Асылов

Мұнымен қоса ол, прокуратура үлкен өмір мектебі болып қала берері даусыз екенін айтты. Бұл салада қызметкер өзінің кәсіби еңбек жолында қылмыстық, азаматтық заңнаманы жетік меңгерген, заң саласының барлық бағыты бойынша сот процестеріне қатыса алатын, сөзге шешен толыққанды заңгер болып қалыптасады.

"Әрине, прокуратурада жұмыс істеу өте күрделі, қызметкерлерден барынша жинақылықты, жауапкершілікті және ұтқырлықты талап етеді. Қазіргі жастар алғыр, білімді, көптеген тілді меңгерген, ІТ-технологияларды жақсы игерген. Адам бойындағы бұл қасиеттер құқық қорғау саласында да маңызды. Себебі жасанды интеллекті пайдалануға байланысты жаңа қауіптер мен криминалдық қатерлердің туындап отырғанын көріп отырмыз және оларға жылдам, салмақты түрде ден қоя білу, заңдылықты қамтамасыз етуде инновациялық тәсілдерді жасап, енгізе білу қажет".Берік Асылов

Қорытындылай келе, Асылов Прокуратура күні қарсаңында барлық жеке құрам мен прокуратура ардагерлеріне мықты денсаулық, толағай табыс және отбасына бақ-береке тіледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: