Сот вайнер Төребаевты мерзімінен бұрын босатудан бас тартты
Алматы қаласы сотының мәліметінше, сотта Төребаевты Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны анықталды.
Азаматтық талаптың жалпы сомасы 814 120 806 теңге, мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары 8 060 602 теңге.
Үкім 2024 жылдың 1 ақпанында заңды күшіне енді.
"Сот талқылауы барысында сотталғандарға жазаны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтініш хатты қанағаттандырудың негізгі критерийлерінің бірі болып табылатын зиянның өтелмегені де анықталды. ҚК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін",- деп түсіндірді сот.
Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот М.Төребаевтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
2023 жылғы 23 маусымда Алмалы аудандық соты вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа үкім шығарды. Онда Mudarabah Capital қаржы пирамидасы бойынша барлығы 12 сотталушыға қатысты іс қозғалды. Вайнерлер ең төменгі қауіпсіздік колониясында бес жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған қатысушыларға сегізден 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Жалпы, блогерлер жұмылдырылған қаржы пирамидасы 160 салымшыдан 2 млрд теңгеден астам қаражат жинаған.