Бозымбаев Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын білді
Премьер-министрдің орынбасары басшылық ететін Үкіметтік комиссия Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына барды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың мәліметінше, ұшақ апаты болған жерде 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 АМО (Апаттар медицина орталығы) бригадасы жұмыс істеді.
"Облыстық көпсалалы ауруханада 30 хирургиялық және травматологиялық, сондай-ақ 10 реанимациялық төсек-орын дайындалды. Жалпы, ауруханаларға 29 зардап шеккен адам жеткізілді. Оның ішінде Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам түсті. Олардың 13-і Әзербайжан азаматтары, 9-ы Ресей, 3-еуі Қырғызстан азаматтары. Үш адамның жеке басы анықталып жатыр. Облыстық балалар ауруханасында екі кәмелетке толмаған бала жатыр. Барлық науқастар толық көлемде медициналық көмек алуда", - деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімдігі.
Қанат Бозымбаев жауапты тұлғаларға сапалы емдеу мен тиісті күтімді қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ Ақтауға елдің жетекші ғылыми медициналық орталықтарынан реаниматологтар, травматологтар, хирургтер, комбустиологтар және басқа да жоғары білікті мамандар тобы келгенін хабарлады.
Одан кейін Қанат Бозымбаев Әзербайжаннан келген үкіметтік делегациямен кездесті. Вице-премьер Төтенше жағдайлар министрі Камаледдин Гейдаровпен және цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәби оғлы Нәбиовпен келіссөздер жүргізді. Әзербайжан үкіметтік делегациясының өкілдері көрсетілген көмек үшін Қазақстан халқына алғыс білдірді.