"Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін айтты" – Тоқаев
Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ana tili газетіне берген сұхбатында былтыр Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елді жақсы білетінін, қазақ халқына ілтипатпен қарайтынын атап өткен жөн. Біз екі жақты қарым-қатынасқа, өңірлік және халықаралық ахуалға қатысты барлық мәселені емен-жарқын талқыладық. Ешқандай көзқарас қайшылығы жоқ". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес. Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Бұл Қазақстан мүддесіне сай келеді.
"Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасында 2023 жылы орнатылған өзара визасыз режиміне де тоқталды. Оның пікірінше, жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан азаматтары Қытайды жаңа қырынан танып, оның технологиялық тұрғыдан алып мемлекетке айналғанына көз жеткізе бастады. Қытай жұрты да біздің отандастарымызға достық пейіл танытып отыр.
"Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала береді. Бұл мемлекет – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, сондай-ақ экономикамыздағы ең ірі инвестордың бірі. Өзара сауда айналымын екі есе арттыруға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, екі ел басшыларының саяси ерік-жігері жеткілікті. Сондықтан аталған мақсатқа жетуге әбден болады. Жоғары деңгейдегі диалог 2025 жылы да жалғасады. Төраға Си Цзиньпин "Орталық Азия – ҚХР" саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр. Оның Қазақстанға алдағы сапары, сондай-ақ биыл күзде Қытайда өтетін келіссөздер екі елдің сан салалы ықпалдастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін".Қасым-Жомарт Тоқаев
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript