Ұшақтағы қара жәшік қалай жұмыс істейді
Әуе апаттарын тергеу кезінде мамандар құнды ақпаратты ұшақтың қара жәшігінен табады. Онда жазылған мәліметтер апат себебін анықтап, оқиға картинасын құрастыруға сеп болады.
Көпшілік қара жәшік деп атайтын құрылғы негізі қызғылт сары. Мұндай ашық түс құралды ұшақ бөлшектерінің арасынан тез ажыратып, табу үшін жасалған, деп жазады qazaqstan.tv.
Ұшақта негізінен 2 жәшік болады. Бірі FDR — Flight Data Recorder – әуе кемесінің ұшу деректерін тіркейді. Соңғы 25 сағаттағы қысым биіктігі, әуе жылдамдығы, магниттік бағыт, нормаль үдеуі сынды мыңдаған параметрлерді тіркейді.
Ал екінші жәшік CVR, Cockpit Voice Recorder – дыбыс жазады. Бұл жәшікте соңғы 2 сағаттағы экипаж мүшелерінің сөздері, дабылдар, қозғалтқыш шуы, кабина аймағындағы дауыс пен радиохабарлар сақталады. Әдетте, қара жәшік апат кезінде жақсы сақталу үшін ұшақтың соңғы бөлігіне орналастырылады.
"Қара жәшік деген кәдімгі мына біздің ноутбуктың ішіндегі не сияқты ғой, плата дейді ғой, сол. Бірақ енді қорғалған, қаншама 1100 температураға дейін шыдай алады. Егер суға түсіп кетсе, 60 метр тереңдікте ішіне су кірмейді дегендей. Сосын специальный сигнал беретіні болады тауып алу үшін қай жерде тұрғанын. 30 күнге дейін ол сигналын беріп тұрады."Нұрбек Шәкішев, ҚР Көлік министрлігі авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру басқармасының бас сарапшысы
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Комет атты алғашқы коммерциялық ұшақ 1 жылдың ішінде 3 рет апатқа ұшырайды. Оқиға себебін анықтау барысында қара жәшік идеясы ұсынылды. Кейін бұл құрылғыны барлық коммерциялық әуе кемелеріне орнату міндеттелді.