Түркістанда полиция бопсалау қылмысына қатысы бар жеті күдіктіні ұстады

Нақтырақ айтсақ, полицейлер Түлкібас ауданының аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде деструктивті-діни ағым ұстанушылары мен маргиналды жастардан құралған жеті күдіктіні ұстады. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар, ал екеуі ағайынды болып шықты.
Жедел уәкілдер ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде 12 калибрлі 1 карабин, түрлі калибрлі 20-дан астам патрон, жеті дана діни әдебиет, пышақ, рация, казино чиптері және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктілердің бірінің жұмыс орны, яғни цехтың ауласына жасырылған екі тегіс ұңғылы карабин мен жеті оқ-дәрі тәркіледі.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу шаралары жалғасуда.