ҚМ BI Group және BAZIS-ке салық салынуға тиіс табыстың азайтылып көрсетілгені туралы хабарлама жолдады

Редакция басқосуда неге дәл осы ірі құрылыс компаниялары аталғанын сұрап, Қаржы министрлігіне хабарласты.
Ведомствоның жауабы мынадай:
"Мемлекеттік кірістер органдары BAZIS-А компаниясына 4,6 миллиард теңге, ал BI Group компаниясына 11,9 миллиард теңге сомасында салық салынуға тиіс табыстың азайтылғаны туралы хабарламалар жолданды".
Ведомство бұл жұмыс 2022-2023 жылдарға арналған арнаулы салық режимдерін қолданатын субъектілер мен жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін компаниялар арасындағы өзара есеп айырысуларды талдау аясында жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
"Талдау көрсеткендей, бұл компаниялар өздерінің салық төлемдерін азайту үшін арнайы салық режимдерін қолданады, біз үстелдік бақылау процедурасы салық төлеушілерге кірістерін дербес реттеуге және салықтарды тексерусіз төлеуге мүмкіндік береді." ҚР Қаржы миннистрлігінің баспасөз қызметі
2025 жылғы 28 ақпанда Үкімет басшысы Олжас Бектенов бизнес өкілдеріне маңызды үндеу жасады. Премьер-министр кәсіпкерлерді салықты әділ төлеуге шақырды.
Оның айтуынша, кейбір кәсіпкерлер салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемасын қолданып, міндетін адал атқармай отыр.
"Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компания бар".Олжас Бектенов
Кейін Премьер-министр атап өткен екі компания да мәлімдеме жасады.
BAZIS компаниялар тобы өз мәлімдемесінде елдің құрылыс нарығында 30 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқанын және олардың қызметін салық органдары тұрақты түрде бақылап отырғанын айтты.
Ал BI Group олардың мұндай күдік туындаған компаниялар қатарына неліктен қосылып кеткенін түсінбей отыр.