"Асфальт қайда?". Желіде байқаудан жеңіспен оралған оқушының әзілі қызу талқылануда

Видеода анасы баласынан "қайдағы асфальтты сұрап тұрсың" деп сұрайды. Бұған жасөспірім: "Мен деген әлемнен бірінші орын алып келіп тұр емеспін бе", - деп жауап береді сұраулы жүзбен.
Сол кезде сөз төркінін түсінген анасы баласын айналып-толғана бастайды.
"Менің балам әлемнен бірінші орын алып келді, әкім мырза. Біздің көшемізге де асфальт төсеп беріңіз", - дейді кеудесін мақтаныш кернеген Іргелі тұрғыны.
Видео сипаттамасында: "Спортты ғана емес, мәдениетті де қолдау керек" делінген.
Ал видео кейіпкері - Әбілмансұр Далабектің бұл І-орын алып, Бельгиядағы халықаралық байқаудан оралған сәті екен. Ол баян ойнаудың шебері.
Жасөспірімнің бұл әзілі Елдос Сметовке қатысты оқиғаны еске салады. Дзюдошы 2024 жылдың жазында Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Ал Елдос туған жері - Таразға оралғанда оның үйінің алдына жаңа асфальт төселіп қойылған еді, бұл спортшы үшін күтпеген тосын сый болды әрі аталған жайт қоғамда қызу пікірталас тудырды.